«Киіктер қырылуының себептері зерттелуде» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 6 маусым, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Киіктер қырылуының себептері зерттелуде» - баспасөзге шолу

***

Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев киіктердің Бетпақдала таралымының жаппай өлімге ұшырауына байланысты қалыптасқан оқиға бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін жұмыс тобының отырысын өткізді. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы «Киіктер қырылуының себептері зерттелуде» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның жазуынша, жұмыс тобының отырысына бірқатар министрліктердің, әкімдіктердің, ғылыми ұйымдардың, ҮЕҰ-лардың өкілдері, тәуелсіз сарапшылар қатысты. Үстіміздегі жылдың 2 маусымындағы жағдай бойынша Бетпақдала таралымындағы киіктердің 132 329 өлі денесі жойылды, оның ішінде Қостанай облысында 113 309, Ақмола облысында 9 386, Ақтөбе облысында 9 634. Киіктердің жаңадан өлімге ұшырау жағдайлары тіркелген жоқ. Киіктер қырылған жерде мамандандырылған лабораториялар мен ғылыми ұйымдар мерт болған жануарлардан патологиялық материалдар алып, лабораториялық және ғылыми-зерттеулер үшін топырақтың, судың, шөптің сынамаларын алды. Ұлттық референттік ветеринария орталығының мәліметтері бойынша, жануарлардан алынған сынамалардан пастереллез қоздырғышы анықталған. Сонымен бірге, шетелдік сарапшылар алдағы апта ішінде өз зерттеулерінің алдын ала нәтижелерін ұсынбақ. «Отырыс қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев Ауыл шаруашылығы министрлігіне өлім құшқан жануарлардың ахуалы мен оларды жою жұмыстарына әкімдіктермен бірге мониторинг жүргізуді одан әрі жалғастыруды, сондай-ақ, Қазақстанның бүкіл аумағында, оларды ғылыми мақсаттарға пайдаланудан басқа жағдайларда, киік аулауға тыйым салуды ұзарту туралы шешім дайындауды тапсырды», - деп жазады басылым.

«Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қызылжар өңіріндегі жұмыс сапарының алғашқы таныстығын ежелгі адамдардың мекені болған «Ботай» қонысынан бастады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Табыс тұтқасы үздіксіз даму» деген тақырыптағы мақалада. Басылымның жазуына қарағанда, осы жерге атбасын тіреген Бердібек Мәшбекұлы бүгінде әлемге ортақ мәдени қазына ретінде ғылыми, туристік қызығушылықты арттыра түскен зерттеу жұмыстарына республикалық қазынадан 5 миллион теңге бөлінгенін, алдағы уақытта да қолдау жалғасатынын жеткізе келіп, игі істің бастаушысы В. Зайбертке одан әрі жақсы нәтижелерге жете беретініне үміт білдірді. Осыдан кейін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де еліміздің білікті ғалымдары мен тарихшылары бас қосқан Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияны ашқан Премьер-Министрдің орынбасары Елбасының «тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлдыр» деген сөзін алға тарта отырып, айтулы шараның мән-маңызын ашып көрсетті. Әлеуметтік сала қызметкерлерімен өткен жүздесуде Б. Сапарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспары Қазақстанның алдағы жылдардағы даму қарқынына ерекше серпін беретінін, бұл орайда, облыста оң тәжірибелер мен жақсы үрдістер қалыптасқанын атап көрсетті. Денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары басшыларының есептері тыңдалды. «Аумақтарды дамыту» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары аясында былтыр 92 жоба жүзеге асырылып, 1331 адам еңбекке тартылған. 448 адам шағын несие алып, 322-сі өз кәсібін ашқан. Биыл бағдарламаны орындауға 2,1 миллиард теңге бағытталып, 7655 адам жұмысқа орналастырылған. 3053 жаңа жұмыс орыны құрылған. Бұдан кейін Б.Сапарбаев «Мұнаймаш» АҚ-та болып, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау, қамтамасыз ету, өндіріс орындарының тұрақтылығын сақтау, жаңа жұмыс орындарын құру мәселелеріне байланысты кеңес өткізді. Тиісті ведомстволарға үшжақты меморандумдардың қатаң орындалуын тапсырды. Президент Н.Назарбаев айқындаған мақсат-талаптар әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру міндетін жүктейтінін, өңірлердің өркендеуіне де жан-жақты қолайлы мүмкіндіктер тудыратынын бөліп айтты. Сөз соңында өңірде атқарылып жатқан өркенді істерге оң баға берді.

***

«Төбеден у төккен «Протоннан» тек 10 жылдан кейін құтылатын болдық. Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев осыны мәлім етті. Қазіргі кезде бұл комитетке қалаулылардың да, қоғамның да қояр сауалы көп болып тұр. Үш облысты жайлаған киік қырғыны бүкіл елімізді алаңдатуда. Халық оған гептил және басқа да зымырандық улы заттардың көк шөпке жаңбырмен бірге түсуін кінәлі санайды», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Протоннан» тек 10 жылдан кейін құтылатын болдық» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Мұрат Бақтиярұлы «халық айтса, қалт айтпайтынын» ескерте келе, бұл жорамалдың назардан тыс қалмай, тексеріліп жатқандығын дұрыс санайды. Сенатордың мәліметінше, Қызылорда облысында бала туу жасындағы қыз-келіншектердің 73 пайызы анемиядан зардап шегеді. Сонымен бірге қан-тамыр жүйесі мен жүрек аурулары және психикалық ауытқулар, жүйке ауруларына шалдыққан адамдар саны жылдан-жылға көбейіп келеді екен. Осы аптада Байқоңыр қаласында Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес, «Ангара» зымырандарын ұшыратын «Бәйтерек» ғарыш кешені «Байқоңыр» айлағы аумағында 2021 жылы салынатын болды. Ал «Байқоңырдың» өзінен «Протондардың» ұшырылуы тек 2025 жылы ғана тоқтатылады. «Біз «Протон» зымырандарын ұшыру санын қысқарту бойынша, салмақты жұмыс жүргізудеміз. Біздің қолымызда «Протон» зымырантасығыштарын ұшыруды кезең-кезеңмен қысқарту бойынша, қол қойылған құжат бар. Соған сәйкес, ақыр соңында гептилмен және амилмен ұшатын қорқынышты зымырандарды ғарышқа жіберуді 2025 жылы тоқтату жоспарланып отыр. Яғни «Протондар» ұшыру сонда толық тоқтатылады»,- дейді Т.Мұсабаев.

Әлеуметтік желіні әркім әртүрлі мақсатта пайдаланады. Өз қызметіне пайдаланып, желі арқылы жарнамасын, менеджментін жасап отырғандар да бар. Енді біреулер әлеужеліде уақытын босқа сарп етеді. Қалай десек те, әлеуметтік желінің қазір қоғамға ықпалы байқала бастады. Түрлі мәселеде топ-топқа бөлініп, дауласып жатқан жандарды көрдік. Өткендегі Жамалиев оқиғасын алайық, желі болмаса, соны мәселе етіп көтерер ме едік? Киіктердің қырылуы да фейсбуктағы күн тәртібінен түспеді. Демек, желінің қоғамға ықпалы бар. Бірақ кері ықпалы да жоқ емес. Желіні қалай дұрыс қолдануға болады, оған тәуелді болмаудың жолдары қандай, қажетсіз ақпараттардан қалай қорғануға болады, осы мәселелер төңірегінде әлеуметтік желіні қолданып жүрген әртүрлі сала мамандарын жинаған «Айқын» газеті бұл мәселені жан-жақты талқылады. Дөңгелек-үстелде ақын Темірғали Көпбаев, педагог Сараш Қоңырбаева, саясаттанушы Елнұр Бейсенбаев және журналист Бауыржан Кәріпов өз ойларын ортаға салды. Мәселен, осы мәселеге қатысты Б.Кәріпов: «Әлеуметтік желілердің пайдасы көп. Өз басым желі арқылы жаңа адамдармен таныстым. Сөйтіп, өмірде кездесіп, аралас-құралас болып кеттік. Әлеуметтік желіні пайдалы іске айналдырған елдерді білемін. Мысалы, Өзбекстан желіні пайдалану арқылы бизнес саласында белгілі бір дәрежеге жеткен», - дейді. Ал, Т.Көпбаев әлеуметтік желінің адамға кері әсер ететіндігін ашық айтқан. «Көп жағдайда кері әсерін тигізді. Ойлау қабілетін шектеді, сөйтіп, мәңгүрттікке алып барды. Көзін ашқаннан ойын ойнап өскен бала кітап оқудан қалды. Қазір кітап оқу өте сирек құбылыс болып кетті. Балалардың есіл-дерті ғаламтор. Оларда кітап оқитын уақыт жоқ. Вконтакте, инстаграм сияқты желілер олардың алтын уақытын ұрлап жатыр. Мысалы, мен фейсбукқа тіркелген күннен бастап, мүлдем оқудан, жұмыс істеуден қалдым. Шынын айтқанда, фейсбуктан алған пайдам болмады», - дейді ол. Мақала « Желіден келетін қауіп көп» деген тақырыппен берілген.