«Киіктерді қырып жатқан кімдер?»-республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 9 ақпан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Киіктерді қырып жатқан кімдер?» деген тақырыппен мақала жарияланды. Мақалаға мынадай оқиға арқау болған. «Жақында облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инс­пекциясына Жангелдин ауданындағы «Аққұм-Алтыбай-Саға» аң шаруашы­лығының директоры Қайрат Ордабаевтан дабыл түсті. Ол Ақкөлден отыз шақты шақырым жерден 53 ақбөкеннің өлексесін тауып алғанын хабарлады. Тор­ғай даласына жедел аттанған құра­мында полиция өкілдері мен инспекция қызметкерлері бар топ мәшине ізін кесе отырып, айналасы бір аптаның ішінде атылған тағы да 32 киікті тапты. Броконьерлер жайратып салған 85 киіктің екеуі ешкі, төртеуі бір жасар лақ, қалған 79-ы текесі. Суық қолды аңшы­лар текелердің мүйізін арамен түбінен қырқып алған»,- делінген мақалада. Оқиғаның әрі қалай қалайша өрбігендігін «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санынан біле аласыздар.

Сондай-ақ аталмыш басылымда «Бетбұрыс белестері» атты мақала жарық көрді. «Өскеменнен таяқ тастам жерде Ұлан ауданының орталығы - Молодежное деген кент бар. Өткен жылдың жазында халық қалаулылары - мәслихат депу­таттарының шешімімен кентке осы жердің даңқты түлегі, партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің есімі берілген. Алайда, неге екені белгісіз, аталған кент әлі күнге сол бұрынғы орысша атауымен аталып жүр. Кім білсін, ауданның жаңа атауына қарсы шыққан өз қандастарымыз да бер деп естідік, солардың кесірі тиді ме екен?»,-делінген мақалада.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Тоқылдақ» сайт пайда болды» деген тақырыппен мақала басылды Онда бұдан былай жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың студенттерден пара алуы қиындайтындығы айтылады. «Өйткені студенттерден ақша жинайтын мұғалімдердің қара тізімін жұртқа жария ететін ғаламторда жаңадан www.vzyatochnіk.іnfo деген «тоқылдақ» сайт пайда болды. Бұл сайтқа кез келген адам пара алу жөніндегі фактіні жазып, іліп қоюына болады. Сайттың құрылтайшысы өзін mr. Іncognіto деп атапты. Ол анонимнің аты-жөні мен құпиялылықты сақтауға кепілдік беріп отыр. Сондай-ақ бұл сайтқа ресми органдардың ешқандай қатысы жоқ», - делінген мақалада.

«Жаңа қазақ ұлтының қалыптасуына жаңа сана және қоғамдық белсенділік керек». «Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле» айдары аясында философия ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Жақан Молдабековтен алынған сұхбат осындай тақырыппен беріліп отыр. «Біз жаңа дәуірге бет алдық. Жаңа қазақ ұлты қалыптасып келеді. Болашағымыз қалай боларын болжай аласыз ба?», - дегенсауалға Ж. Молдабеков: «Жаңа қазақ ұлтының қалыптасуына жаңа сана және қоғамдық белсенділік керек. Ол туралы Президентіміз ұсынған "Қазақстан - 2030", "Қазақстан дамуының 2020 стратегиялық бағдары" құжаттарында анықталынған. Мемлекеттік саясат осы бағытта кешенді де қарқынды іс-шараларды жүзеге асыруда. Халқымыздың өскелең рухани-мәдени сұранысын қанағаттандыруға - "Мәдени мұра" бағдарламасы арналды. Бағдар - қазақтың салт-дәстүрін зерделеудің бастауы және еліміздің рухани түлеуінің жалғасы. Оның басты мақсаты - Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда, "ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты" болатын мәдениетті ашып беру, ұлтымыздың мәдениетін, оның тарихын ұлықтаған ұлы тұлғалардың үлесін танытатын мәдени мұраны сақтауды, қазақстандықтардың рухани кемелденуінің өркениет көшінен кейін қалмауын қамтамасыз ету», - деп жауап қатқан.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Мысырдағы тұрақсыздық қалай шешілмек?» атты мақала жариялап, қаңтардың 25-інен бері қақтығыстан көз ашпаған Мысыр еліндегі жағдайға қысқаша сараптама жасаған. Мақала авторының пайымдауынша, Мысырдағы жағдай қазір біршама тұрақтанып келе жатқан сияқты. Бұған, ең алдымен, Хосни Мүбәрактың елдегі түрлі саяси күштермен диалогқа баруы себеп болып отыр. Кеше Каирдегі банктер өз жұмысын қайта жалғастырып, көше-көшемен көліктер жүріп, қайтадан тіршіліктің нышаны байқала бастады. Дегенмен наразылық білдіруші халық Тахрир алаңынан әлі тараған жоқ. Сондай - ақ мақалада Мысырдағы бүліктің бірқатар елдерге әсер етіп жатқандығы айтылады. Мысалы сол аймақтағы ең зайырлы ұстанымды Түркияның өзінде 10 шақты жерде мың адамның басын жинаған шерулер көрініс беріп жатыр.

Сондай-ақ аталмыш басылымның бүгінгі санында «Қайсаровтың қазақ тіліне қайраты жетпеді» атты мақала жарияланды. «Кеше Орталық сайлау комиссиясында 2011 жылғы 3 сәуірге белгіленген ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына кандидат болып тіркелген Уәлихан Қайсаров мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның сынынан сүрінді. Екі сағатқа жуық уақыт бойы тіл-әдебиет саласының мамандары үміткердің қазақ тілінен сынақ алып, ана тілін еркін меңгергендігін анықтауға кіріп еді. Лингвистикалық комиссияның шешіміне сәйкес, Президент сайлауына үміткер «мемлекеттік тілді еркін меңгермеген» болып шықты», - делінген мақалада.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Астана қалалық әкімдігінде элетронды мемлекеттік қызмет көрсетуші веб-портал жұмысын бастады. Қала тұрғындары еңбекпен қамту, білім беру, жер қатынастары, тұрғын үй сияқты күнделікті өмірдегі ең қажетті деген 15 сала бойынша аталмыш құрылғының қызметін пайдалана алады. Бұл қызметтің жұмысы жөнінде кеңірек білгіңіз «Акимат городской, электронный» деген тақырыппен берілген мақаланы қараңыз.

Соңғы жаңалықтар