Киік мүйізін сатып, сақтағандардың жазасы жеңілдейді – Абзал Құспан

АСТАНА. KAZINFORM –Конституцияның 30 жылдығына орай кейбір сотталғандарға рақымшылық жасауды көздейтін заң жобасын талқылау кезінде киік ату, заңсыз балық аулау сияқты қылмыстары үшін бас бостандығынан айырылғандардың мойнындағы мемлекеттік залал берешегі қалай өндірілетіні сөз болды.

Абзал Құспан
Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев рақымшылық шарасы сотталған адамның материалдық берешегіне әсер етпейтінін, тек бас бостандығынан айыру мерзімін қамтитынын түсіндірді.

- Экологиялық залал келтіргені үшін сотталған адамдар рақымшылыққа ілініп, босап жатса, олардың мойнындағы берешек сол күйі қалады. Яғни, оның кезең-кезеңмен толық өтеуге міндетті, - деді ол. 

Заң жобасын таныстырған депутат Абзал Құспан 2019 жылы экологиялық қылмыстардың жазасы күшейтілген кезеңнен бастап 800-дей адам сотталғанын, соның 180-дейі қазір бас бостандығынан айыру мекемелерінде отырғанын айтты. 

- Осыдан екі апта бұрын өзіміз қабылдаған қылмыстық заңнаманы оңтайландыру туралы заңның аясында біз Қылмыстық кодекске бірнеше ұсыныс бердік. Соның ішіндегі 339-бапқа 1 қосымша енгіздік. Оның ішіне өзіңіз айтқан, қолына қару алып, киік атпаған немесе заңсыз аблық ауламаған, бірақ оны жинап, сатуға қатысқан азаматтардың ісі қайта қаралады. Бұл норма бұрын сотталып кеткен азаматтарға қолданылады. Қылмыстық кодекстің 6-бабы бойынша заңның жеңілдету бағытында кері күш болады. Яғни, ол азаматтардан экологиялық залалдың бәрін өтесе жазасы жеңілдейді. Қазір заң жобасы Сенатта жатыр. Сенаттан өтіп мемлекет басшысы қол қойса, 339-баптың 1-қосымшасы арқылы жазалары жеңілдеуі мүмкін, - деді депутат. 

Еске салсақ, Конституцияның 30 жылдығына арналған рақымшылық аясында 4,1 мың адам босайтыны мәлім болған еді