Киік санағының нәтижесі жазда шығады

АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр ел аумағында қанша киік ауланды? Бұл сұраққа Экология және табиғи ресурстар министрлігі жауап берді.

киік
Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

- 2025 жылы киік популяциясының санын реттеу аясында табиғи ортадан 196 173 киік алынды. Сондай-ақ, киіктерді тәуліктік аулау көлемі ет өңдеу кәсіпорындары мен сою пункттерінің күнделікті өтінімдеріне қатаң сәйкес жүргізіледі. Қазіргі уақытта киік популяциясының санын реттеу мәселесі қарастырылып жатыр, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар ведомство 2026 жылғы төлді ескере отырып есептелетін санақ нәтижесі шілде айында белгілі болатынын хабарлады.

- Қазіргі уақытта киіктердің саны есепке алынып жатыр, оның нәтижелері бойынша жалпы саны жарияланады, - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.

Айта кетейік, қазір киік мүйізін экспорттауға арналған құжаттар пысықталып жатыр.

Бірнеше жыл бұрын фермерлер киіктің көбеюінен егін тапталып жатқанын айтып, олардың санын реттеуді талап етті.

2025 жылғы шілде айының басынан бері Қазақстанда киік санын реттеу мақсатында оларды аулау жүзеге асты.

Еске салсақ, былтыр жазда Ауыл шаруашылығы министрлігі өңдеуші кәсіпорындарға киік етінің килограмын 1 600 теңгеден сатуды ұсынды.

 

Соңғы жаңалықтар