Экология министрлігі киіктердің қырылуына қатысты түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM — Экология және табиғи ресурстар министрлігі киіктердің қырылып жатқан оқиғасына қатысты түсінік берді.

Желіде Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы қыс мезгіліндегі киік ұшалары бейнеленген жазба таралып жатыр.
— Мұндай жағдай бірқатар басқа аймақта да тіркелген. Көбінесе Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының табиғи мекендеу орындарында табылды. Киіктің биологиясын ескерсек, бұл табиғи жағдаймен байланысты. Өңірлерде ведомствоаралық өзара іс-қимылдың бекітілген алгоритмдері бар, жұмыс жедел штабтар арқылы жүзеге асырылады. Алгоритм аясында ұшалар ветеринариялық заңнамаға сәйкес жойылады. Мұны Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық және ведомстволық бағынысты бөлімшелері әкімдіктермен, ветеринариялық қызметпен, полиция және ТЖМ қызметкерлерімен бірлесіп жүргізеді. Аталған жұмыстарға барлығы 150-ден астам адам, 51 техника жұмылдырылды, — делінген хабарламада.
Биылғы жылдың басынан бастап 5,2 мыңнан астам өлексе жойылды.
— Қалыпты жағдайда киіктердің жыл сайынғы табиғи өлімі жалпы санының шамамен 20% болады, ал аталықтарының 50%-ы өлуі мүмкін. Киіктің - өмір сүру уақыты қысқа, көбейуі жылдам дала жануары. Қатал қыста киік саны 40-50%-ға дейін азаюы мүмкін, әсіресе қыстың алдында көктемгі-жазғы құрғақшылық болған жағдайда. Қыс мезгілінде қардың қалың түсуіне орай, азық қорының азаюына байланысты жануарлар денесіндегі май қорын жоғалтады. Қазақстанның шөлді мен жартылай шөлді аумақтарында мұндай табиғи құбылыстар жиі байқалады, сәйкесінше бұл кейбір әлсіреген киіктердің өліміне әкеледі, — деді Зоология институтының териология зертханасының меңгерушісі Алексей Грачев.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда киіктердің жалпы саны 4,1 миллион бас, ҚазКСР кезеңіндегі ең көп саны 1,2 миллион бас болған.
Айта кетелік Ұлытауда киіктер қырылып жатқанын, сондай-ақ Экология министрлігі киік санын ату арқылы реттеуден бас тартпақшы екені туралы жазған едік.