Қылмыскерлерді мемлекетаралық іздеу және киберқылмыс: Құрылтайда жаңа келісімдер қаралады
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай депутаттары Қатармен қылмысқа қарсы күрес, ТМД елдерімен мемлекетаралық іздестіру және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық келісімдерді ратификациялау туралы заң жобаларын қарайды. Бұл туралы Құрылтайдың баспасөз қызметі мәлім етті.
Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында Құрылтайдың алдағы отырысының күн тәртібі белгіленді. Қылмысқа қарсы күрес, мемлекетаралық іздестіру және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастық бағыттары бойынша ратификациялық заң жобалары қарауға шығарылады.
— Алдағы Құрылтай отырысында депутаттар 2024 жылғы 29 қазанда Дохада жасалған Қазақстан мен Қатар Үкіметтері арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарайды, — делінген хабарламада.
Аталған Келісім ұйымдасқан қылмысқа, террористік және экстремистік қылмыстарға, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына, заңсыз көші-қон мен адам саудасына, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мәселелерді шешу кезінде өзара іс-қимыл мәселелері бойынша қатынастарды реттеуге бағытталған. Құжатты ратификациялау тараптардың қылмысқа қарсы күрес саласындағы құзыретті органдарының өзара іс-қимылы үшін құқықтық негіз құруға мүмкіндік береді деп күтіледі.
Сондай-ақ, депутаттар назарына 2010 жылғы 10 желтоқсандағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы ұсынылады. Аталған заң жобасы ТМД тараптарының құзыретті органдары арасында электрондық форматта ақпарат алмасуды регламенттейтін шартқа өзгерістер енгізуді көздейді. Бұл қылмыстық қудалаудан жасырынған қылмыскерлерді анықтауға және ұстауға, сондай-ақ адамдарды іздеуге бағытталған бірлескен шаралардың тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік беруге тиіс. Хаттаманы шартқа қатысушы барлық елдер – Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Тәжікстан ратификациялаған.
Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасын да бірінші оқылымда қарау жоспарланып отыр. 2001 жылғы 23 қарашада Будапештте жасалған Конвенция – ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күресуге бағытталған алғашқы халықаралық шарт. Бүгінгі таңда оның қатысушылары 80-нен астам елді құрайды, соның ішінде АҚШ, Канада, Аустралия, Жапония, Ұлыбритания елдері және бірқатар Еуропа мемлекеттері бар.
Конвенцияға қатысу Қазақстанға, компьютерлік жүйелер мен желілердің, сондай-ақ компьютерлік деректердің құпиялылығын, тұтастығы мен қолжетімділігін бұзуға бағытталған қылмыстар бойынша ақпарат алмасу және тергеу, экстрадициялау бөлігінде осы елдермен бірлескен іс-қимыл жасауға құқық береді. Соның ішінде мемлекетішілік және халықаралық деңгейде компьютерлік қылмыстар жасағаны үшін сот қудалауын және жедел әрі сенімді халықаралық ынтымақтастыққа қатысты уағдаластықтар әзірлеуді көздейді.
Сонымен қатар, 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстанның қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралатын болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Құрылтайға Ұлыбритания парламентінің алғашқы шетелдік делегациясы келген болатын.