«Кім өтірікті көп айтады?» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Тенор дауысты қазақтың талантты әншісі Қуат Бағысбек Лондон қаласында Forbes журналының рейтингіндегі байлардың алдында өнер көрсетті. Christie's залында өткен салтанатқа әлемдегі ең ауқаттылардың 80 пайызы қатысқан. Үш тілде шырқаған вокалисті әйгілі ағылшын пианисі Maurice Horhut (Моурис Хархт) сүйемелдегенін баяндасақ, бұл оқиғаның сәні тіпті арта түспек», - деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында. Ұйымдастырушылар бастапқыда ресейлік «Кватро» группасын немесе қазақ тенорын шақыру туралы екіұдай ойда болады да, жеме-жемге келгенде таңдау Қуат Бағысбекке бұйырыпты. Талантты әнші жайындағы мақала газетте «Қазақ теноры Лондонда Forbes рейтингіндегі байлар алдында өнер көрсетті» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымның жазуынша, бүгін Қазақстан құрамасы елордадағы «Астана-Арена» жабық спорт кешенінде Австрия командасын қабылдайды. Ал арада төрт күн өткеннен кейін осы жасақтардың қарымта кездесуі Вена қаласындағы «Эрнест Хаппель» стадионында өтеді. Осымен, еліміздің бас командасы өзінің 2014 жылғы әлем біріншілігі үшін іріктеу ойындарының биылғы жылғы кезеңін аяқтайды. Демек, осы екі матч оның жыл бойындағы әрекетінің қорытынды бағасын анықтап бермек. Бұл мақала «Құраманың күзгі сынақтары» атты тақырыппен жарияланып отыр.
***
«Басына орамал салып, ақ ниетпен босаға аттап, келін атану - әрбір нәзікжанды арудың басына жазылар бақ. Бұл бақ біреуге ерте, біреуге кеш келуі мүмкін. Қыз баланың бағының ашылғаны ата-ананың да бақыты. Аялап өсірген перзентінің жан-жақты білім алып, алдымен тұлға болып қалыптасқанын, сонан соң аяулы жар, ардақты ана атанғанын көру - барлық ана мен әкенің ізгі армандарының бірі», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Он беске жетпей отау құрғандар» деген тақырыптағы мақаласында. Ал егер қыз бала оңы мен солын айыра алмай, бесіктен белі шықпай отбасын құрса, онда ол - ата-ананың ғана емес, тұтастай қоғамның соры болса керек. Өйткені ес біліп, етек жинаған аналардың сәбиінен гөрі 18 жасқа толмай бала көтерген жас аналардың сәбиінің көз жұму қаупі 60 пайызға жоғары екен. Күні кеше әлем елдері тұңғыш рет «Халықаралық қыз бала күнін» атап өтті. Біріккен Ұлттар ұйымы 11 қазанды дәл осылай атауды жөн көріпті. Биыл қыз бала күні «Менің өмірім - менің құқығым: Балалар некесіне жол жоқ!» ұранының аясында өткізілді. Осы орайда, әлемде және біздің еліміздегі ерте неке мәселесі жан-жақты талқыланды. БҰҰ-ның деректеріне сүйенсек, әлем бойынша жыл сайын 10 миллион кәмелеттік жасқа толмаған қыз бала күштеу мен зорлық-зомбылықтың салдарынан тұрмысқа шығады.
Осы басылымда «Кім өтірікті көп айтады?» атты материал жарық көрді. Англиядағы Хертфордшир университетінің Карен Пайн бастаған бір топ британдық психологтар арнайы сараптама жүргізу нәтижесінде «ер адамдар әйелдерге қарағанда бір жарым есе өтірікті көп айтады» деген тұжырым жасаған. Психологтардың зерттеулері бойынша өтірік айтпайтын адам жоқ, өйткені ол «қасиет» адам баласына туа бітетін сияқты.
***
Қазақ спортының ардагерлері тұрғанда спорт кешендеріне жастардың атын бергеніміз дұрыс шешім болды ма? Биылғы Лондон олимпиадасында қазақ елінің байрағын көкке көтерген спортшыларымыздың есімін жаппай спорт кешендеріне беру құбылыс орын алғанын көріп отырмыз. Осы жайдың қаншалықты дұрыс не бұрыстығын «Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарында ҚР жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті Алексей Кондрат пен белгілі спорт журналисі, спорт қайраткері Несіп Жүнісбай талқыға салады.
Аты аңызға айналған Апачинский, несімен аңыз және ақиқаты қандай? Кезінде қазақ атын жалпақ жұртқа танытып, дүниені бір дүр сілкіндірген боксшы Василий Жировтың жеке бапкері Александр Апачинскийді бүгінде іздеп жатқан кім бар? Қазаққа тұңғыш Баркер кубогын алып берген азаматтың бүгін қайда тұратынын, немен айналысқанын білгіңіз келсе «Алаш айнасының» жаңа санына көз жүгіртіңіз.