«Кинг Конг», «Жыртқыш», «Пианист» фильмдерінде басты рольдерді ойнаған американдық әртіс Эдриан Броуди Астанада болды

Э.Броуди, алдағы қазан айының 18-20 күндері Астанада өтетін Бүкіләлемдік Рухани мәдениеті форумының қатысушыларының бірі және ол осыған орай баспасөз мәслихатын беру үшін бас қаламызға арнайы атбасын тіреді.
Э.Броуди, осыдан бірнеше ай бұрын Астанада өткен Экшн-фильмдердің халықаралық фестивалында болғанын және оны жергілікті халықтың асқан қонақжайлығы таңқалдырғанын атап өтті. Сонымен бірге, Қазақстанда оның киноиндустриядағы әртіс ретіндегі рөлін бағалайтындарға ризалығын білдірді.
«Менің Бүкіләлемдік Рухани мәдениеті форумына қатысуға шақыру алғанымның себебі де, киноиндустрияның да рухани мәдениетке қатысының бар болғанында. Біз бір-біріміздің ісімізге араласпай тұра алмаймыз. Себебі, біздің әлем тым кішкентай. Бұл әлемде барлығы өзара байланысты. Оның ішінде біздің мәдениетіміз де бар. Алдағы форум - осы идеяны бүтін дүниеге таратуға қандай да бір ықпалын тигізе алатын адамдардың басын қосуға бағытталған. Сонымен бірге, форумға жастар мен студенттер қатысатыны маңызды. Себебі, аталмыш идеялармен және қағидаттармен өмір сүретін осы - жастар. Солардың рухани мәдениет туралы түсінігі бойынша болашақ қалыптасады», - деді ол.