Киноэпопеяға қазақтың қай ханы лайық - баcпасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 18 қыркүйек, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Киноэпопеяға қазақтың қай ханы лайық - баcпасөзге шолу

***

«Қазпочтаның» басшылығына осыдан бір жарым ай бұрын жас та болса бас болып Бағдат Мусиннің келгенін көпшілік жақсылыққа балаған. Себебі, оқырманға белгілі, соңғы кездері аталмыш алпауыт компанияның қызметіне көңілі толмайтындар көбейіп, әсіресе, жергілікті жерлердегі пошта бөлімшелерінің жабылуы, қазақ газеттерінің қажетті жеріне жете алмай, апталап жатуы ауылдағы ағайынның ашуына тие бастаған еді, деп жазады "Егемен Қазақстан" бүгінгі санындағы «Қазпочта» түйткілді мәселелер түйінін қалай шешпек?» атты мақалада.

Басылымның атап өтуінше, осыны ескерген Бағдат Батырбекұлы жаңа қызметінің алғашқы бастамаларының бірі ретінде қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстанға» атбасын бұруды жөн көріпті. Осыған орай кеше «Қазпочта» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы редакцияға арнайы келіп, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы президенті Сауытбек Абдрахмановпен кездесті.

Кездесу барысында түрлі мәселелер талқыланып, "Қазпочтаның" болашақ жоспарлары, ауылдарға қазақ баспасөзін тарату жолдары тілге тиек етілген.

Бағдат Мусиннің айтуынша, «Қазпочтада» қазір 22 мың адам жұмыс істейді. Оның бес мыңнан астамы - пошташылар. Бір жарым мыңға жуығы сұрыптаушылар. Қазіргі таңда компанияға «Трансформация» бағдарламасы енгізіліп жатыр, осы бағдарлама бойынша жоғары білікті мамандар шақырылады деп жоспарланып отыр. Оның үстіне, компания өз мамандарының біліктілігін арттыруда үздіксіз оқулар жүргізеді. Осы оқулар арқылы қазіргі таңда 162 маман өз біліктілігін арттырды. Компанияда «Менторлар институты» деген бағдарлама жүзеге асырылуда, оның да басты мақсаты мамандардың біліктілігін арттыру.

Кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының ХІІІ отырысы болып, оған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жетекшілік етті. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" бүгінгі санындағы "Адамзат туыстығын ұмытпаса" деген мақалада жазды.

Қ.Тоқаев қонақжай қазақ жеріндегі игі дәстүрге айналған кездесулердің Съезд беделі мен ықпалының күн санап өсуіне себін тигізіп жатқанына ерекше тоқталды. Өткен жылы біз Қа­зақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың бастамасы­мен шақырылған Съездің 10 жыл­дығын атап өттік. Тарихи тұр­ғыдан осындай қысқа мерзім ішінде біздің Форум мәдениеттер мен өркениеттердің жаһандық үнқатысуы жүргізілетін беделді халықаралық алаңға айналды, деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Деркезділік, өзектілік және сындарлы үнқатысу Астана Форумы жетістігінің кепіліне айналып, барша әлем қоғамдастығының назарын аудартты. Съезд көрнекті діни қайраткерлер мен саясаткерлер және халықаралық ұйым басшылары тарапынан қолдауға ие болды.

Жалпы, отырысқа қатысушы­лар күн тәртібіне енгізілген мәсе­лелердің бәрін қарап, Хатшылықтың ХІІІ отырысының Хатта­масын бекітті. Сонымен қатар, Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшылары съезі Хатшы­лығының ХІV отырысы 2015 жылғы 9 маусымда болады деп шешті.

***

Бүгінгі ұрпақты мемлекетшілдікке тәрбиелейтін, өз Отанын, атамекенін қастерлеуге жетелейтін құралдың бірі - қазақтың өткен тарихынан тамыр тартатын шығармалар. Әрине, кітап пен газет оқудан ада бола бастаған бүгінгі ұрпақтың жадына қазақтың өткен тарихын, мәдениетін, жүріп өткен соқтықпалы соқпақты жолын, тар жол тайғақ кешуін кино арқылы сіңіруге болады. Сондай-ақ, «қазақта мемлекет болмады» дегендердің аузына құм құю үшін, тарихымызды безбендеп, кино арқылы жан бітіріп, өзге жұртқа да жарқыратып көрсете білу ләзім, деп жазады "Айқын" газеті бүгінгі санындағы "Киноэпопеяға қазақтың қай ханы лайық" атты мақалада.

Осы орайда Елбасының түріктердің Осман империясының ең бір дәуірлеген тұсын суреттейтін «Сүлеймен сұлтан» сияқты қазақ хандығының дәуірін қамтитын тарихи киноэпопея түсіру» жөніндегі бастамасы өте дер кезінде көтерілді деуге болады. Рас, қытайлар түсірген көп сериялы «Шыңғыс ханды» жұрт қызыға көрді. Ұлы қағанды халық өзге қырынан таныды.

Қатыгез заманға сай қажет жерінде қатыгездік танытқанымен, парасатты, көреген, дана қолбасшы, сұңғыла саясаткер, сайын далада тарыдай шашылған жұртты бір шаңырақтың астына жиып, қуатты мемлекет жасақтай білген ұйымдастырушы ретінде мойындады. Бәзбіреулер айтып жүргендей, әлемді күйретуші, қанішер емес екеніне көз жеткізді. Тағы да сол қытайлар түсірген, қазір елімізде жүріп жатқан «Құбылайханның» да өткен тарих үшін орны ерекше. Әр бөлімі жүздеген серияға жүк болған түріктің «Сүлеймен сұлтаны» да түріктердің жүріп-өткен жолынан дерек-дәйек беретін ғажап туынды. Ал бізде Осман империясының көкжиегін кеңейткен, өзге әлем санасатындай дәрежеге көтерген Сүлеймен сұлтан секілді сұңғыла хандарымыз болмады ма? Әрине, болды! Бірақ біз оларды дәріптей алмай отырмыз. Енді соның орайы келгенге ұқсайды. Мәселен, қазақ мемлекетінің қабырғасын қалаған Жәнібек ханның ұлы Қасым ханның өмірі нағыз киноэпопеяға лайық. Ол билік құрған жылдары қазақ халқының қазіргі мекен тұрағы қалыптасты. Бірсыпыра қалалар қосылды, солтүстікте Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлауы Ұлытаудан асты. Оңтүстік-шығыста оған Жетісудың көп бөлігі (Шу,Талас, Қара­тал, Іле өлкелері) қарады. Қасым ханның тұсында Орта Азия,Еділ бойы, Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасалды. Орыс мемлекетімен байланыс болды. Батыс Еуропа да қазақ хандығын осы кезде танып білді. Қазақ хандығының нағыз дүрілдеген тұсы - осы. «Ел шетіне жау тиді» деген ұран тасталған кезде, Қасымхан бір аптада жеті жүз мың әскерді сапқа тұрғыза алды. Ханның мықтылығын, қазақтың құдіреттілігін осыдан байқауға болады. Ал оның ұлы қазақтың атақты хандарының бірі Хақназар да қазақтың шекарасын кеңейтті. Мемлекеттігін күшейтті. Жалпы, сонау Ақ Ордадан бастап қазақта 40-қа тарта хан өткен деседі. Солардың қай-қайсысы да елінің, алаш ұлының азат, бостан болуы үшін бір қолына найза, бір қолына билік тізгінін ұстап, сыртқы-ішкі жаулармен алысып өтті.

Ақтөбе облысының прокурорлары бұзақы жанкүйерлерді елге кіргізбеу туралы нормативтік актілер әзірлеу бастамасын қолға алды, деп жазады "Айқын" газеті бүгінгі санындағы "Бұзақы жанкүйер елге кірмейді" деген мақалада.

Басылымның атап өтуінше, облыстық прокуратураның І басқарма бастығы Маратбек Мырзамұратовтың айтуынша, дәл осы жолмен ел ішінде болатын араздықтың алдын алуға болады екен.

Тамыз айында Ақтөбе өз алаңында Польшаның «Легия» командасын қабылдап, ойында жеңілген болатын. Дәл сол күні түнде екі команданың жанкүйерлері төбелесіп, орталықтың астан-кестенін шығарды. Жақын маңдағы кафенің орындықтарын қиратып, кәсіпкерді шығынға батырған болатын. «Осыған ұқсас жағдай өткен жылы киевтік «Динамо» командасымен ойын алдында да болды. Сол кезде жедел іс-шаралар арқылы қақтығысқа жол берілген жоқ. Енді облыстық прокуратура футбол матчтарын өткізу кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибелеріне жүгінуді ұсынады. Анықталғандай, Еуропа елдерінде аса жоғары қауіп тудыратын жанкүйерлер мен фанаттар туралы деректермен алмасу үшін фанаттардың қозғалысын бақылау жүйесі, яғни Ұлттық футболдың ақпараттық пункттері бар екен. Ақпараттармен алмасу мақсаты - осындай бүлдіргіш фанаттарды, олардың елге кіруіне тыйым салу арқылы халықаралық спорттық іс-шараларға қатыстырмау болып табылады» дейді М.Мырзамұратов. Оның айтуынша, Ресейде ақпараттық пункттер жоқ. Дегенмен, олар деректермен алмасу жұмыстарында белсенділік танытып, жанкүйерлер туралы материалдар халықаралық полицей арналары бойынша беріледі екен.

- Облыс прокуратурасы қазақстандық командалардың халықаралық деңгейдегі әртүрлі чемпионаттардағы белсенділігін ескеріп, бұзақы, іріткі салушы жанкүйерлердің жолын кеспек. Ол үшін Еуроодақ және ТМД елдерінің құқық қорғау құрылымдары арасында ақпарат алмасу тәртібін реттейтін нормативтік актілерді әзірлеу бастамасын қолға алды, - дейді басқарма басшысы М.Мырзамұратов.