Кинология орталығында иісшіл иттер қалай даярланады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда иісшіл иттерді дайындайтын еліміздің басты кинология орталығы орналасқан. Бұл мекеме нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2002 жылы құрылған.

ит
Фото: Досбол Атажан/Kazinform
кинолог
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Полицей иттердің дайындығы мен қырын-сырын білу үшін мегаполистің төменгі жағында орналасқан кинология орталығына бардық. Онда бізді арнайы дайындық бөлімінің бастығы, полиция майоры Руслан Канафин қарсы алды. 

Тәжірибелі кинологтың бұл салада жұмыс істеп жүргеніне 15 жыл болған.

— 2011 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зырянск қаласында патрульдік-күзет қызметінде жұмыс жолымды бастап, кейін кинолог қызметіне өз еркіммен ауыстым. Жұмысқа кіші инспектор-кинолог ретінде кіріп, мұнда 6 жылға жуық жұмыс істедім. Әрі қарай тәжірибелі маман ретінде Алматы қаласынан жас кинологтарды дайындауға арнайы шақырту алдым. 2016 жылдан бері 8 жылға жуық уақыт осында жұмыс істеймін. 15 жылға жуық қызметімде біраз итті дайындадым. Оның ішінде ерекше есімде қалғандары — Шығыс Қазақстан облысында адамдарды иіспен табуға үйретілген Фридже атты неміс овчаркасы. Онымен бірге 300-ге жуық қылмыстың бетін аштық. Ал Алматыға келген соң Берта есімді бельгиялық овчарканы дайындадым. Екеуміз есірткі және өзге де тыйым салынған заттарды іздеумен айналыстық. Қазір арнайы дайындық бөлімінің бастығы қызметіне ауыстым және еліміздің түкпір-түкпірінен келген иісшіл иттерді үйрететін мамандарды дайындаймын, — деді Руслан Канафин.

кинолог
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Полиция майоры кинологтар мен қызметтік иттері дайындайтын орталықтың бірнеше негізгі міндеті бар екенін айтады. Олардың қатарында қызметтік иттерді дайындайтын мамандарды оқыту, асыл тұқымды иттерді өсіру, жедел-іздестіру іс-шараларына қатысу бар.

— Кинология орталығы Түрксіб ауданында орналасқан, жалпы аумағы — 4 гектар. Ішкі істер министрлігінің негізгі орталығы. Неге Алматы дейтін болсақ, себебі осы өңірдің ауа райы жыл бойы тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Кинологтар мен иттер 6 бағыт бойынша дайындалады. Ол — есірткі іздеу, жарылғыш зат іздеу, шабуылдау арқылы ұстау, иісті одорологиялық анықтау, адамды иіс ізімен іздеу, патрульдік қызмет, — дейді кинолог-маман.

Арнайы дайындық бөлімі бастығының айтуынша, қызметке орталықтың өзінде туып-өскен күшіктер ғана алынады. Олардың дайындығы мен денсаулығын арнайы комиссия тексереді.

ит
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

— 2013 жылдың 19 қазанындағы бұйрыққа сәйкес, қызметке дайындалатын күшіктерге қойылатын талаптар бекітілген. Күшік қоғамға бейімделген, яғни үй-жай, көлікке қорықпай кіруі қажет. Оның ойын реакциясы және денсаулығы өте жақсы болуы керек. Комиссия жиналып, күшіктің барлық талаптарға сай екенін анықтаған соң ғана ол қызметке алынады. Бізде асыл тұқымды өсіру бөлімі бар. Онда өз басшысы мен қызметкерлері жұмыс істейді. Арнайы блокта күшіктер дүниеге келеді де, сонда қадағаланып, өсіріледі. Ветеринария қызметі олардың денсаулығын қадағалайды. Бүгінге дейін комиссиядан өтпей қалған жағдай болған жоқ. Себебі күшіктер туа салып үйретіледі. Ал көшеден ит алынбайды, — дейді Руслан Асхатұлы.

кинолог
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Сондай-ақ маман кинология орталығында тек асыл тұқымды иттер дайындалатынын айтты. Иісшіл иттердің арасында негізгі үлес — неміс овчаркасы мен бельгиялық овчаркаға тиесілі. Одан бөлек лабрадор-ретривер, орыс спаниелі тұқымды иттер де бар.

Руслан Асхатұлының сөзінше, комиссиядан өткен ит нақты бір қызметкерге бекітіледі. Жануарлар доп арқылы үйретіледі және әрдайым шұғыл шақыртуға шығуға дайын жүреді. Ал олардың қызмет саласы мінез-құлқына қарай бөлінеді.

Төзімді, көп қозғалатын иттер — есірткі іздеуге, мықты, ашушаңдары — шабуылдауға, ал сабырлы мінезді иттер — жарылғыш зат іздеуге үйретіледі.

кинолог
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

— Комиссиядан өткеннен кейін ит нақты бір адамға бұйрық бойынша бекітіледі. Қызметкер оны ары қарай дайындап, күнделікті қарайды. Егер ит өз міндетін дұрыс атқармайтын болса, жауапкершілік бекітілген адамның мойнында болады. Мысалы, басқа өңірден бізге кинолог өз итімен бірге келеді де қажетті білім алған соң осында куәлік беріледі. Бір жылдан кейін қайта келіп, сол итпен жұмыс істеуге рұқсат беретін ресми сертификат алады. Бір айта кетерлігі, бір маман екі-үш итті дайындай алады. Бірақ кинолог өзіне бекітілмеген басқа итпен тапсырмаға шыға алмайды. Бізде үйретудің негізгі әдісі ойын добы арқылы жүреді. Жауапты қызметкер оны міндетті түрде қарап, тамағын береді, тазалайды. Уақытымен шығарып, жаттығу жасату арқылы кәсіби қасиеттерін дамытады. Жәрдемдесу туралы өтініш түскен кез келген уақытта бірге шығып, іске кірісе алады, — дейді ол.

Кинологиялық жұмыстың қыр-сырын бөліскен маман иісшіл иттер туралы талай аңыз әңгіме, алып-қашпа сөздердің бар екенін айтты.

Оның айтуынша, ел аузында кинологтар иттерге есірткі береді деген қауесет те тараған.

кинолог
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

— Иісшіл иттер туралы көптеген алып-қашпа сөз бар. Оның ішінде ең танымалы — есірткі іздейтін иттер өздері есірткі қолданады деген сөз. Бұл — толығымен өтірік. Өйткені ит есірткіні жей алмайды. Адам ағзасы мықты, өмір бойы ішіп-шегіп жүре береді. Бірақ иттердің денесі бізге ұқсамайды. Егер оларға есірткі беретін болсақ, 1 аптадан артық өмір сүрмейді. Біз иммитатор, яғни заттың баламасын қолданамыз. Доп пен иммитаторды қатар қоямыз. Ит өзінің добын іздеп жатырмын деп тыйым салынған заттарды табады, — дейді кинолог.

Полиция майоры кинолог қызметіне келгісі келетін адамдарға арнайы талаптар қойылатынын атап өтті.

кинолог
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

— Кинологтарды алған кезде де арнайы талаптар бар. Яғни, кез келген адам кинолог бола алмайды. Осы мамандыққа келемін деген адамның жануарларға деген сүйіспеншілігі, ынтасы болуы керек. Итті дайындау үшін оны түсіну және әрқайсысына жеке жол табу қажет. Сондықтан бұл жұмысқа алар кезде адамның жұмыс тәжірибесіне де қараймыз. Кинологқа жоғары білімсіз тапсыруға болады, бірақ онда сержанттық қызмет жүреді. Ал офицерлерге заң не ветеринария мамандығы бойынша жоғары білімі болуы міндетті. Жас бойынша қатып қалған шектеу жоқ, — деді ол.

ит
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар