Киото хаттамасы ел экологиясындағы түйінді мәселелерді шешуге септігін тигізеді

АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ғаламдық даму, елдер арасындағы экономикалық бәсекелестік заманында адамзат баласы алдындағы экологиялық проблемалар жылдан–жылға барынша күрделеніп келеді.
None
None
Бұндай проблемалардың ішінде ең алдымен климат өзгеруінің жаһандық проблемасы, табиғи әралуандықты сақтап қалу мен шөлейттенуді тоқтату мәселелері айрықша өзектілікке айналып отыр. Мамандар ғаламшар климатының өзгеріске ұшырап отырғаны негізінен парниктік газдардың ауаға көп бөлінуінен деген болжамдар келтіреді. Мәселен, бірқатар деректерге сүйенсек, жер шарындағы құрғақшылық жылына 1,2 миллиард адамның тұрмыс-тіршілігіне белгілі бір деңгейде зиянын тигізеді және дүние жүзінде 135 миллион адам осы себептерге байланысты қоныс аударуға мәжбүр болады екен. Сондықтан да, жаһандық жылыну яғни, климаттың өзгерісі халықаралық ұйымдардың да назарын өзіне еріксіз аударып, БҰҰ-ның 1992 жылғы Рио-де-Жанейродағы жиынында арнайы «Климаттың өзгеруі жөніндегі конвенция» қабылданған болатын. Оған әлемнің 180-ге жуық елі қол қойды. Ал 1997 жылғы Киотодағы БҰҰ халықаралық саммитінде «Атмосфераға таралатын зиянды газдарды шектеу туралы хаттама» қабылданды. Оны қазіргі таңда әлемнің 181 мемлекеті ресми түрде бекітті. Хаттамада жанар-жағармайдан ауаға таралатын зиянды газдардың көлемін 1990 жылғы деңгейге қайта жеткізіп, 2008-2012 жылдары 5,2 пайызға дейін азайту қарастырылған. Бұл үшін Еуропа Одағына кіретін елдер оның мөлшерін ? 8 пайызға, АҚШ - 7, Жапония, Канада, Польша, Венгрия ? 6 пайыз, басқа елдер оның мөлшерін белгілі бір жылғы көрсеткіштен асырмауға келіскен болатын. Егер Хаттаманы қабылдаған елдер өз міндеттемесін орындаса, 2012 жылы ауаға таралатын зиянды газдардың көлемі 1990 жылғы деңгейге қайта жетуі де ықтимал. Бірақ бұл үшін де бірлескен жұмыстар ауқымы қажет. Осы Киота хаттамасы 2005 жылғы ақпанның 16-сынан бастап ресми түрде күшіне енген екен. АҚШ бастапқы кезеңде осы үдерістің негізгі бастамашысы болғанымен, кейіннен Киото хаттамасын бекітуден бас тартқан. Мұны «АҚШ ел өндірісінің өсімін төмендетіп алудан жасқанып бекітпей отыр» деушілер де бар. Жалпы алғанда, ауа температурасының ауытқуы - егіншілікке, қоршаған ортаға және халық денсаулығына келеңсіз әсер етуі мүмкін екенін айттық. Сондықтан да бұл проблема біздің еліміз үшін де өзекті күйінде қалуда. Өйткені климаттық проблема Қазақстанда ауаның температурасын одан сайын өзгертіп, табиғи аймақтардың ығысуына, жердің тозу, шөлейттену процестеріне әкеп соқтырады. Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовтың айтуынша, шығарылымды эмиссия көлемі бойынша Қазақстан ТМД елдерінің ішінде Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында тұр. Ал, кейбір дереккөздер, соңғы 100 жылда ғаламшарда ауа температурасының жылынуы 0,6 пайызды көрсетсе, Қазақстан аумағында ауаның орташа температурасы деңгейінің артуы байқалып, бұл көрсеткіш соңғы жылдары 1,3 градусқа дейін жеткені анықталғандығын алдыға тартады. Яғни, бұндай көрсеткіштің өзі әлемдік деңгейден екі есе көп деген сөз. Қарапайым көзге көрініп тұрмағандықтан бұны ел тұрғындары сезінбеуі де мүмкін. Дегенмен де, мамандар соңғы уақытта ауыл шаруашылығындағы «теріс өзгерістер» туралы айтып, дабыл қағып жатқаны рас қой. Тіпті сенатор Қуаныш Айтаханов та дәл осы мәселеге, қуаңшылықтың алдын алуға қатысты Үкіметке дүркін-дүркін сауал жолдаған еді. Тағы бір дерек көздерінде, бүгінгі күні Қазақстанның 60 пайыздан астам жері құрғақшылыққа ұшырағаны айтылады. Яғни, жыл өткен сайын жасыл алқаптар мен орман-тоғайлар азайып, мал жайылымдары тарылып барады деген сөз. 2001 жылы ауыл шаруашылығы мақсатына арналған 220,7 миллион гектар жердің 90,9 гектары шөлге айналыпты. Онсыз да орманға аса кедей қазақ даласында жасыл желектің азаюы құрғақшылыққа ұшырауды одан әрі жеделдете түсіріп отырған сыңай байқалады. Қазақстанда сексеуілді және бұталы өңір 4,2 пайыз, ал жалпы ел аумағындағы орман көлемі бар болғаны 1,2 пайыз ғана болып табылады. Яғни, осыдан шығатын қорытынды климаттың бұлайша өзгеру сипаты теріс әсер көрсетіп, оның келеңсіз салдарға ұшыратуы да жиілей бермек. Қазақстан өз кезегінде климат өзгерістерінің алдын алуға және оның адамзатқа тигізер кеселдерін азайтуға бағытталған халықаралық келіссөз процесіне белсене қатысып келеді. Бірақ, біздің белсенділігіміз «жай белсенділік» болып отырған екен. Өйткені, Қазақстан тарапынан 1999 жылы қол қойылған Киото хаттамасы әлі күнге дейін ратификацияланбаған. Сондықтан да бүгінгі күнге дейін климаттың өзгеруі бойынша шешім қабылдауға Қазақстанның дауыс беру құқығы болмаған әрі бұл бағыттағы климаттың өзгеруіне қатысты экологиялық бастамаларымыз да нәтижесіз күйде деп айтуға негіз бар. Осы тұрғыдан келгенде өткен он жыл ішінде экологиялық қырынан алғанда пайдасы мол Хаттама неге қабылданбады, деген орынды сауал туындайды. Бізге белгілісі ? «Қазақстанның экономикасы құжат талап етіп отырған міндеттемелерді қаншалықты көтере алады? Құжат бойынша еліміздің өзіне қабылдаған міндеттемелері жекеменшік кәсіпорындардың экономикасына қалай әсер етеді?», деген сауалдар бойынша тартыншақтықтар болған секілді Өткен он жыл ішінде хаттамаға сәйкес мәселелердің барлығы жан-жақты талқылаудан өтті. Тиісті шаралар ұйымдастырылып, арнайы жұмыс топтары да құрылған болатын. Нәтижесінде бүгінгі күні Парламент Мәжілісі «БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасын ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Енді осы құжаттың қабылданған жағдайында болатын өзгерістерге тоқтала кетсек. Киото хаттамасына қатысушы мемлекеттер үш санатқа бөлінеді. Оның біріншісі ? Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының мүшелері болып табылатын және өздеріне шығарылымды шектеу жөнінде ерекше міндеттемелер қабылдаған ауыспалы экономикасы бар елдер. Екіншіден, өзіне дамыған елдерге және ауыспалы экономикасы бар елдерге көмек көрсету жөнінде қаржылық сипаттағы айрықша міндеттемелер қабылдаған елдер. Үшіншіден ? дамушы елдер. «Қазақстан келешекте қысылтаяңға ұшырап қалмауы үшін әрі экономикасын жаңғырта түсуі үшін Киото хаттамасынан өзімізге ешқандай міндет алмайтын боламыз. Бірақ, Қазақстанда толығымен Хаттама тетіктері жұмыс жасайтын болады. Осыдан біраз жыл бұрын біз Хаттаманың бірінші санатындағы елдердің мәртебесін алу туралы ниетімізді жариялап, ондай дәрежеге құжат қабылданғаннан кейін қол жеткізетін болып келіскенбіз. Қазіргі жағдай бойынша еліміздің алдында екі таңдау тұрғаны белгілі. Бұның бірі ? мемлекетке көптеген жүктемелер алып, оны абыройлы орындау болса, екіншісі Хаттаманың таза даму тетігін пайдалану. Менің ойымша, экономикалық даму қарқынын бәсеңдеткен әлемдік қаржы дағдарысы уақытында Қазақстан өзіне келіп кетер «оң-теріс» салдарды ескере отырып, Хаттамадағы мойынға артылатын міндеттемелерге жуымай тұрғанымыз абзал. Яғни, біздің елімізге Хаттаманың таза даму тетігіне қосылу қажет. Осылай істеп те посткиотолық үдерістердің толыққанды мүшесі болуға қақымыз бар», деді министр Н. Ысқақов. Ал Киото хаттамасы Парламентпен қабылданса еліміздегі қоршаған ортаға қатысты мәселелерді тиімді шешудің жаңа бір бастауы ашылады. Атап айтқанда, ең алдымен парникті газдардың шығарылымдарын азайтуға жан бітеді. Бұдан басқа, Хаттаманы қабылдау нәтижесінде елімізге 1 млрд. долларға жуық инвестицияның келуі болжанып отыр. Бұлардың басым бөлігі энергетика мен қоршаған ортаны қорғау салаларына бағытталады. Сондай-ақ, Қазақстан инвестициялық жобаларды іске асыру үшін Киото хаттамасының тетіктерін пайдаланса бұндай заманауи жобалар бірнеше есе арзанға түспек. Осылайша, озық технологиялар негізінде құрал-жабдықтар жаңартылып, өнім сапасын жоғарылатуға және әлемдік нарықта отандық өнеркәсіптің бәсекелестігін арттыруға болады. Оның үстіне, пайдаланудан қалған немесе тозығы жеткен технологиялармен экономикалық өсімнің мүмкін еместігін ескерсек, бұл бағыттағы сырттан инвестиция тартудың жолы да дұрыс шешімін табатын болады. Қазірдің өзінде әлем елдерінде Киото хаттамасын жүзеге асыру кең ауқым алып келеді. Бұл шараларға Ресей, Үндістан, Бразилия, Жапония, Еуропалық одақ секілді алдыңғы қатарлы мемлекеттер атсалысып отыр. Жалпы алғанда Киото хаттамасы халықарлық құжат ретінде әлемдік экономикаға, сондай-ақ, Қазақстанның дамуына да ықпал ететінін ескергеніміз жөн. Сонымен бірге, Қазақстаннан ДСҰ-ға кіру үшін келешекте неғұрлым энергетикалық тиімді экономикаға қол жеткізу талап етілетін болады. Экологиялық қалыпты даму жоқ жерде, экономикалық тұрақты даму да жоқ. Ендеше, Қазақстан тарапынан бұл процеске қатысу жөнінде нақты іс-қимылдар қажет. Бұл өз кезегінде халықаралық қауымдастық алдында беделімізді көтеріп, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру мүмкіндігін арттыра түсетін болады.
Соңғы жаңалықтар