Кипр НАТО-ға кіруге ниетті
АСТАНА. KAZINFORM – Кипр Республикасының президенті Никос Христодулидес елінің Вашингтонмен Солтүстік Атлантикалық альянсқа кіру жолдары туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты. Бұл туралы DW хабарлады.

Кипр Республикасының президенті Никос Христодулидес өз елінің НАТО-ға мүше болу ниетін растады. Бейсенбі, 28 қарашада ол журналистерге Никосияның Вашингтонмен альянсқа қосылу жолдары туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты.
Оның айтуынша, Түркияның қарсылығына байланысты Кипр Республикасының НАТО-ға мүше мемлекет бола алмауы ел армиясын модернизациялау үшін де, әскери техника алу үшін де көптеген мүмкіндіктерден айырады.
Никос Кристодулидес Кипрдің НАТО мен Америка Құрама Штаттары арқылы, сондай-ақ ЕО қорғаныс бағдарламалары арқылы жаңа мүмкіндіктер іздеп жатқанын анық көрсетті. Христодулидес Кипрдің басты артықшылығын аралдың «ерекше геостратегиялық маңызы бар аймақта» географиялық орналасуын атады.
Ол сондай-ақ, аралдың әскери-теңіз және әуе базаларын модернизациялау туралы шешімдер қабылданғанын және Кипрдің теңіз нысандарына қатысты ЕО-мен және әуе күштеріне қатысты АҚШ-пен келіссөздер жүргізіп жатқанын растады.
– Бұл туралы неғұрлым аз айтсақ, мақсатымызға соғұрлым жақын боламыз, – деп жауап берді президент НАТО-ға кіруге ықтимал өтініш беру уақыты туралы сұраққа.
Кипрдің НАТО-ға қабылдануы маңызды прецедент болуы мүмкін. Альянс ережесіне сәйкес, аумақтық мәселесі шешілмеген мемлекет оған кіре алмайды. Кипр Республикасы аттас аралдың шамамен 60% бақылайды. Кипрдің НАТО-ға мүше болуының келешегі Кипр жанжалын шешуге және Түркиямен қарым-қатынасты жақсартуға тікелей байланысты.
Осыған дейін Кипр Қазақстанда елшілік ашуды жоспарлап отырғаны туралы жаздық.