Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Кипр президентін қарсы алды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Кипр Президенті Никос Христодулидистің Қазақстанға алғашқы ресми сапары басталды. Мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сән-салтанатпен қарсы алды. Қос тарап саяси диалогты нығайту, сауда мен инвестицияны ұлғайту, көлік байланыстарын дамыту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылайды. Kazinform агенттігі екі ел арасындағы қарым-қатынастың негізгі бағыттарына шолу жасайды.
Кипр президентін қарсы алу рәсіміне орай Тәуелсіздік сарайында Құрмет қарауылы сап түзеді. Президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік Әнұрандарын орындады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никос Христодулидис Мемлекеттік Ту орналасқан жерге кілеммен жүріп өтті. Бұдан кейін екі мемлекет басшыларының шағын құрамдағы кездесуі басталды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Кипр арасындағы түрлі салалардағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған бірқатар екіжақты құжатқа қол қою жоспарланып отыр.
Жерорта теңізіне ашылған жаңа бағыт
Кипр – Жерорта теңізінің шығыс бөлігіндегі өзі аттас аралда орналасқан мемлекет. Ел астанасы – Никосиядан бөлек, Лимасол, Ларнака және Пафос сияқты ірі қалалары бар. Көне тарихи мұрасы, грек және шығыс мәдениеттерінің үйлесімі, көркем табиғаты мен жайлы климаты
Кипрді әлемдегі танымал туристік бағыттардың біріне айналдырып отыр. Бұл ретте Никосия 2026 жылға арналған Еуропаның ең үздік туристік бағыттары рейтингінде бірінші орынға ие болды. Рейтингті жасау кезінде цифрлық деректер, мәдениет саласындағы журналистер мен туристік БАҚ өкілдерінің бағасы, сондай-ақ 130-дан астам елден келген мыңдаған саяхатшының пікірі ескерілген.
Сондай-ақ Кипр Еуропадағы шомылуға арналған су сапасы ең жоғары ел ретінде танылды. Бағалау қорытындысы бойынша аралдағы су айдындарының 97,6 пайызы «өте жақсы» санатына енген.
Туристік байланыстарды дамытуға әуе қатынасының кеңеюі де оң ықпал етпек. Бүгіннен бастап Астана - Ларнака бағыты бойынша жаңа тікелей әуе рейсі іске қосылады. Сонымен қатар 4 маусымнан бастап Алматы - Ларнака бағыты бойынша рейстер ашылады. Әуе қатынасы әр бағыт бойынша аптасына екі рет «Airbus A321LR» ұшақтарымен жүзеге аспақ. Жаңа рейстер екі ел арасындағы туристік және іскерлік байланыстарды нығайтып, қазақстандық туристер үшін Жерорта теңізіндегі танымал демалыс бағыттарына қолжетімділікті арттыра түседі.
Саяси диалог пен парламентаралық ынтымақтастық
Қазақстан мен Кипр арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 2 сәуірде орнатылды. Соңғы жылдары екіжақты байланыстардың қарқыны айтарлықтай артып, саяси диалог жаңа деңгейге көтерілді. Бұл үрдістің маңызды көрінісі ретінде 2024 жылғы қарашада Кипр Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің, ал 2025 жылғы ақпанда Қазақстан Республикасының Кипр Республикасындағы Елшілігінің ашылуын атауға болады.
2019 жылғы мамырда қазіргі Кипр Президенті Никос Христодулидис Сыртқы істер министрі ретінде Астанаға ресми сапар жасап, екіжақты қатынастардың өзекті мәселелерін талқылады. Сонымен бірге, екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі, БҰҰ Бас Ассамблеясы және басқа да халықаралық алаңдар шеңберінде тұрақты түрде кездесіп келеді. Мұндай байланыстар халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша ұстанымдарды үйлестіруге, сондай-ақ екіжақты күн тәртібіндегі бастамаларды ілгерілетуге ықпал етеді.
2025 жылғы 4 желтоқсанда Вена қаласында өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі аясында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Көшербаев пен Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Константинос Комбос алғаш рет ресми кездесу өткізіп, ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.
Екі мемлекет арасындағы парламентаралық ынтымақтастық та дәйекті түрде дамып келеді. 2019 жылғы қыркүйекте Кипр Өкілдер палатасының делегациясы Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесіне қатысу үшін Қазақстанға сапар жасады. Ал 2023 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Кипр Өкілдер палатасының бірқатар комитет мүшелерімен және «Қазақстан–Кипр» парламентаралық достық тобының өкілдерімен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Парламенттік дипломатияның маңызды тетіктерінің бірі – екі елдің достық топтары арасындағы байланыстар. Осы орайда 2024 жылғы 24 маусымда бейнеконференция форматында «Қазақстан–Кипр» парламентаралық достық тобының отырысы өтіп, заң шығарушы органдар арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері қарастырылды. Қазақстан тарапынан топқа Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айдос Құспан жетекшілік етеді.
Қазақстан Кипрге қандай тауар экспорттайды
2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстан мен Кипр арасындағы тауар айналымы 41,9 мың долларды құрады. Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 794 мың доллар болған.
Қазақстаннан Кипрге негізінен дәрілік заттар, тоқыма өнімдері, картиналар, есептеу машиналары, ағаштан жасалған мозаикалық және инкрустацияланған бұйымдар, ақпарат тасымалдағыштар, сондай-ақ радио және телевизиялық хабар таратуға арналған аппаратура экспортталады.
Ал Кипрден Қазақстанға – дәрілік заттар, өрт сөндіргіштерге арналған құрамдар мен зарядтар, центрифугалар, сұйықтықтар мен газдарды сүзуге арналған жабдықтар, ойыншықтар, сүт өнімдері және жарықтандыру құрылғылары жеткізіледі.
2005-2025 жылдар аралығында Кипрден Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 5,4 млрд долларға жетті. Осы кезеңде Қазақстаннан Кипрге салынған инвестициялар көлемі 2 млрд долларды құрады. Өткен жылы Кипрден келген қатысушылар мемлекеттік бюджетке 13,2 млрд теңгеден астам салық төледі. Сонымен қатар компаниялар жарғылық капиталды қалыптастыру мақсатында шамамен 33,5 млн доллар көлемінде инвестиция тартқан.
2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда кипрлік қатысуы бар 347 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 65 кәсіпорын бірлескен меншік нысанында құрылған. Астана халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында кипрлік капиталдың қатысуымен 33 компания тіркелген. Олар қаржылық және сақтандыру қызметтері, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет, тау-кен өндіру өнеркәсібі, сондай-ақ әкімшілік және қосалқы қызметтер салаларында жұмыс істейді.
Іскерлік байланыстарды дамыту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. 2023 жылы Лимасол мен Алматы қалаларында Кипрдің бизнес-қоғамдастығы мен салалық министрліктерінің 250-ден астам өкілінің қатысуымен бизнес-форумдар ұйымдастырылды. Ал 2025 жылы кипрлік бизнес-делегация Астана мен Алматыға сапар жасап, АХҚО-ның, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың, IT-кластердің қызметімен, сондай-ақ еліміздегі бизнес жүргізу шарттары мен инвесторларды қолдау тетіктерімен танысқан.
Ортақ құжаттар мен келісімдер
Қазақстан мен Кипр жылдар бойы саяси, экономикалық, құқықтық және гуманитарлық салалардағы байланыстарды кеңейтіп отырды. Екіжақты қатынастарды дамытуда дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері үшін визалық талаптарды алып тастау туралы 2010 жылғы келісім, сондай-ақ білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтқан 2012 жылғы ведомствоаралық меморандум маңызды рөл атқарды. Қаржы секторындағы өзара іс-қимылды жетілдіру мақсатында 2014 жылы қаржылық ақпарат алмасу туралы меморандум қабылданды.
Экономикалық ынтымақтастықтың маңызды кезеңдерінің бірі – 2019 жылғы қосарланған салық салуды болғызбау туралы конвенцияның күшіне енуі. Бұл құжат инвестициялық ахуалды жақсартып, іскерлік байланыстарды дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырды.
Соңғы жылдары құқықтық саладағы әріптестік те айтарлықтай нығайды. 2022 жылы экстрадициялау туралы шарт пен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа қол қойылды. Сонымен бірге, 2023 жылғы туризм саласындағы меморандум және 2024 жылғы сотталған адамдарды беру туралы келісім орнаған. Осылайша, арадағы шарттық-құқықтық база саяси диалогтан бастап экономика, білім беру, құқық қорғау және туризм салаларына дейінгі кең ауқымды қамтып отыр.
Дегенмен Қазақстан мен Кипр арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың әлеуеті толық пайдаланылып отырған жоқ. Екі ел арасында мәдениет, өнер, білім беру және спорт салаларында тұрақты алмасулар жүзеге асырылмайды.
Бұл тұрғыда Кипр Президенті Никос Христодулидистің Қазақстанға жоспарланып отырған ресми сапары ерекше маңызға ие. Сапар аясында мәдениет, спорт және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар құжатқа қол қою көзделуде. Осылайша, алдағы кезеңде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық Қазақстан-Кипр қатынастарының жаңа және перспективалы бағыттарының біріне айналуы мүмкін.