Кипрдегі парламент сайлауы елдің саяси бағытын айқындайды
АСТАНА. KAZINFORM – Кипрдегі парламент сайлауында оңшыл-центристік «Демократиялық жиын» (ДИСИ) партиясы көш бастап келеді. Бұл туралы Кипрдің Орталық сайлау комиссиясы мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Дауыс беру бюллетеньдерінің 76 пайыздан астамы саналғаннан кейін ДИСИ сайлаушылардың 27,1 пайыз дауысына ие болды. Кипр еңбекші халқының прогрессивті партиясы (АКЭЛ) – 23,5 пайыз, ультраоңшыл Ұлттық халық майданы (ЭЛАМ) – 11,1 пайыз, Демократиялық партия 10 пайыз дауыс жинады. Ал жаңадан құрылған «Альма» және «Тікелей демократия» партиялары тиісінше 5,8 және 5,4 пайыз көрсеткішке жетті.
Сайлауға барлығы 752 кандидат қатысып жатыр. Оның 743-і 18-ден астам партиялық бірлестік атынан ұсынылса, тағы тоғызы тәуелсіз кандидат ретінде тіркелген. Дауыс беру қорытындысы бойынша Өкілдер палатасының 80 мүшесінің 56-сы сайланады, деп жазады Euronews.
1963 жылдан бері 24 орын тиесілі түрік-кипрліктер Кипр Республикасының мемлекеттік институттарынан шыққандықтан, Өкілдер палатасы іс жүзінде 56 депутаттан тұрады.
Дәстүрлі ДИСИ, АКЭЛ, ДИКО, ЭДЕК және ДИПА партияларымен қатар, қазіргі саяси жүйеге наразылықты білдіруді көздейтін жаңа саяси жобалар да сайлау жарысына қосылды.
Сарапшылардың назарын бұрынғы Есеп палатасының басшысы Одиссеас Михайлидис құрған ALMA – «Азаматтар Кипрді қолдайды » қозғалысы, Volt Cyprus партиясы және еуродепутат Фидиас Панайоту жетекшілік ететін «Тікелей демократия» партиясы аударып отыр.
Сонымен бірге ЭЛАМ партиясы бағаның өсуі, миграциялық ахуал және халықтың әлеуметтік алаңдаушылығы аясында өз позициясын едәуір күшейтті.
Кипрде президенттік басқару жүйесі болғандықтан, үкімет парламенттегі көпшілікке тікелей тәуелді емес. Соған қарамастан, парламенттің жаңа құрамы заң жобаларын, реформаларды және мемлекеттік бюджетті мақұлдауда шешуші рөл атқарады.
Сондай-ақ сайлау нәтижесі президент Никос Христодулидис үкіметінің позициясына, экономика, көші-қон, әлеуметтік саясат және энергетика салаларындағы бастамаларды ілгерілету мүмкіндігіне әсер етеді деп күтіліп отыр.
Бұл сайлау 2028 жылғы президент сайлауы алдындағы маңызды саяси кезең ретінде қарастырылып отыр.
Сайлауда 568 мыңнан астам азамат дауыс беру құқығына ие болды. Кипр аумағында 1217 сайлау учаскесі, сондай-ақ Афина, Салоники, Лондон және Брюссель қалаларында тағы 13 учаске жұмыс істеді.
Айта кетейік, бұған дейін Еуропа елдері Кипр мен Таяу Шығыстағы қауіпсіздікті күшейтетіні хабарланды.
Одан кейін Еуроодақ Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты Кипрдегі кездесулерін кейінге қалдырды.