Қырдағы күйек: асыл тұқымды қой шаруашылығының беталысы қалай

АСТАНА. KAZINFORM – Қыркүйек – қырдағы күйек ағытылатын мезгіл. Қазақ шаруалары бұны малдың төлдеу уақытын көктемге ыңғайлап, қыстың қақаған суығында қозы шығынын болдырмау үшін жасаған. «Қыркүйек» атауының түп-төркінін мал шаруашылығымен байланыстырып жататыны да осыдан. Бүгінде ата кәсіптің дәстүрлі жолы сақталғанымен, қой шаруашылығының талабы жаңарды. Қой тұқымдарын сақтау және селекциялық жұмыстар соңғы жылдары қалай өзгерді? Бұл мәселе бүгін қаншалықты өзекті? Мал басы көбейгенімен, тұқым сапасы сақталып отыр ма? Kazinform тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Асылтұқымды қой
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

«Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген халық даналығының өзінен-ақ қой түлігінің қазақ тұрмысындағы орны айрықша болғанын аңғаруға болады. Қойдың еті – дастарқанның ырысы, жүні – тұрмыстың қажетіне жараған табиғи шикізат, тіпті сүті мен терісі де кәдеге асқан. Бір түліктің бойындағы осыншама игілікті ұқсата білген халқымыз табиғаттың бергенін қажетіне жарата да білген. Сондықтан қой шаруашылығы қазақ үшін күнкөрістің ғана қамы емес, талай буынның тәжірибесі мен танымын бойына жинаған ата кәсіпке айналды. Қой соңында жүрген шопанның еңбегі де осы дәстүрдің үзілмес жалғасы іспетті.

Дала төсінде тіршілік кешкен ата-бабамыз малдың мінезін, табиғаттың ыңғайын, жыл мезгілінің сырын тап басып таныған. Қойдың қай кезде күйекке түсіп, қай уақытта төлдегені малшы үшін қысы мен көктемінің қамын алдын ала ойластырған үлкен есеп болған. Қошқарды іріктеу, малдың күйін келтіру, күйек алу тәрізді жұмыстардың әрқайсысы өзіндік тәртібімен атқарылған. Бүгінгі ғылыми тілмен мұны мал басын көбейтудің қалыптасқан технологиясы деуге де болады.

Асыл тұқымды қой көбейді

Бүгінде ата кәсіптің осы бір дәстүрлі кезеңі ғылымның жаңа мүмкіндіктерімен сабақтасып келеді. Қойды сыртқы бітіміне қарап бағалаумен қатар, оның шығу тегі, ұрпағының сапасы, генетикалық ерекшеліктері ескеріледі. Ал бір кезде асыл тұқымды малдың азаюы алаңдатқан салада қазір оң өзгеріс байқалады. Қазір асыл тұқымды қой саны - 3,3 млн, жалпы қойдың саны 20 млн-ға жуық.

Алайда мал басының көбеюі мәселенің бір ғана қыры. Енді сала мамандарына осы өсімді тұқым сапасымен ұштастыру, отандық қойдың құнды қасиеттерін жоғалтпай, оны заманауи селекция арқылы жетілдіру міндеттеліп отыр.

Табиғаты сан түрлі ұлан-ғайыр далада малдың бірнеше бағыттағы тұқымы қалыптасқан. Қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойы, Еділбай, Сарыарқа, Дегерес, қазақтың құйрықты ұяң жүнді қойы, қазақтың биязы жүнді қойы, қазақ арқармериносы, Оңтүстік қазақ мериносы, етті меринос, Ақжайық етті-жүнді, Ордабасы секілді отандық тұқымдардың әрқайсысының өз орны бар.

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Жануарлар ғылымы және ветеринария институтының қауымдастырылған профессоры Қарлығаш Омарова «қазақы қой» ұғымын бір ғана тұқымның аясына сыйғызуға болмайтынын айтады.

Асылтұқымды қой
Фото: Архив фотоларынан

– Қазақстан – қой шаруашылығы тарихи қалыптасқан елдердің бірі. Сондықтан біздегі қой тұқымдарының генетикалық қоры да өте бай. «Қазақы қой» дегенде бір ғана тұқымды емес, еліміздің әртүрлі табиғи-климаттық жағдайына бейімделіп, ұзақ жылдар бойы халықтық және ғылыми селекция нәтижесінде қалыптасқан отандық қой тұқымдарын кең мағынада қарастырған дұрыс, – дейді ғалым.

Отандық тұқымдардың басты артықшылығы да осында. Олар белгілі бір табиғи ортада тіршілік етуге бейімделіп қалыптасқан. Ұзақ жайылымға төзімділігі, табиғи азықты тиімді пайдалануы, континенттік климатқа бейімділігі – ғасырлар бойы сұрыпталған қасиеттер.

Сондықтан асыл тұқымды мал туралы әңгіме тек еттің көп шығуы немесе қойдың ірі болуымен шектелмейді. Оның астарында тұтас генетикалық қор жатыр.

Бір қошқар – бір отардың келешегі

Қой шаруашылығындағы селекция - бір жылда нәтиже беретін шаруа емес. Бір қошқарды таңдап, оны отарға қосу арқылы келесі ұрпақтың қандай боларын бірден анықтау мүмкін емес. Селекционер үшін әр төл ұзақ уақыт бақылауды қажет етеді. Қарлығаш Омарованың айтуынша, бүгінгі нарық та селекцияның бағытына әсер етіп отыр.

– Тұтынушы сапалы етті қалайды, шаруашылық үшін малдың тез жетілуі, төлдің жақсы өсуі, азықты тиімді пайдалануы маңызды. Сондықтан селекция да осы талаптарға бейімделуі заңды, – дейді ол.

Асылтұқымды қой
Фото: Архив фотоларынан

Қой шаруашылығында аталық малдың орны ерекше. Бір саулықтың беретін төлі шектеулі болса, бір қошқар бір маусымда бірнеше ондаған, тіпті жүздеген саулыққа пайдаланылуы мүмкін. Сондықтан оның тұқымдық сапасы тұтас отардың болашағына әсер етеді.

Қарлығаш Омарова қошқарды сыртқы ірілігіне қарап қана таңдауға болмайтынын айтады. Сондықтан асыл тұқымды қошқардың бағасы да оның салмағымен ғана өлшенбейді.

Ақмола облысы, Жақсы ауылында Байсары тұқымын көбейтіп отырған Рамазан Абенов селекция жұмыстарына қатысты бірнеше олқылықтарды атады. Оның кейбір қошқарларының салмағы 196–214 келіге дейін жетеді. Бір жастағы қошқарлардың өзі 150–160 келіге тартады. Ол дәстүрлі кәсіпті бірнеше қоймен бастап, қазіргі күні асылтұқымды 100 саулық пен 5 қошқарға жеткізіп отыр. Будандастыру жұмыстарын жүйелі жүргізіп, оның нәтижесін көру үшін 10 жылға жуық уақыт кеткен.

Асылтұқымды қой
Фото: Архив Фотоларынан

– Байсары тұқымы шығуы үшін 25-30 жыл селекциялық жұмыс жүргізілді. Бұл – бірнеше ұрпақтың еңбегі. Бірінші тәжірибеден кейін F1 деп алса, жақсы тұқымды алу үшін F6, F7 тәжірибе кезеңіне жеткізу керек. Ал мұндай нәтижеге жетудің өзі кемі 15-20 жылды қажет етеді, – дейді Рамазан Абенов.

Селекционер үшін асыл тұқымды қошқардың бағасы оның бүгінгі құнымен ғана өлшенбейді. Күйек кезінде бір қошқарға 55 миллион теңге ұсынса да, оны сатуға асықпайтынын айтады. Себебі қой өсіру бір күндік пайдадан гөрі ертеңгі берекені көздейтін есеп. Бір қошқардан алынған әрбір қозы кейін өз алдына мал басын толықтырып, шаруашылыққа табыс әкеледі.

Асылтұқымды қой
Фото: Архив фотоларынан

Рамазан Абенов ет шығымының айырмашылығын да есеппен түсіндіреді. Шаруаның айтуынша, қарапайым малдан алынатын ет мөлшері мен селекциялық жолмен іріктелген қошқарлардың ұрпағынан алынатын өнім арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Мың бас малдың әрқайсысынан бірнеше килограмм артық ет алынуының өзі шаруашылық үшін қомақты экономикалық нәтиже.

Қан тазалығы қалай сақталады?

Селекцияның нәтижесі күнделікті шаруашылық тәртібінен де көрінеді. Рамазан Абенов шаруашылығында қошқарлар мен саулықтар бөлек ұсталып, күйек кезінде ғана қосылады.

Асылтұқымды қой
Фото: Архив фотоларынан

– Қой өсіріп жүрген шаруашылықтардың қателігі де сол. Мен тіпті аналық тоқтыларды да ерте қоспаймын. Селекцияда асықпау маңызды. Тоқты кезінде күйекке қосып жіберсе, қойлар ұсақталып кетеді. Тоқтының бір жарым жасқа жетуін күту керек, – дейді Рамазан Абенов.

Оның айтуынша, қой күйекте де жеті ата шежіресін ұстанған жөн.

– Мен қойлардың конституциясы, қан тазалығына ерекше мән беремін. адамдардағы туыстық қатынасты ескергендей, малды да жақын туыстас даралармен шағылыстырмаймын. Қалай болғанда да оның арты жақсы болмайды. Мұның соңы үш аяқты, үш көзді сияқты шала туған төлдің пайда болуына әкелуі мүмкін, – деп ескертеді ол.

Байсарыны Арқаға жерсіндірген шаруа

Асыл тұқымды жаңа ортаға бейімдеу, жергілікті жағдайдағы өнімділігін бақылау да селекциялық жұмыстың бір бөлігі. 

Қостанай облысының Перелески ауылында тұратын Әбілбек Ерсарин Байсары тұқымын Арқаның табиғатына бейімдеп өсіріп келеді. Ол ветеринар мамандығын алған шаруа. Жиырма жылдан астам уақыт ауылдағы малды емдеп келеді.

Асылтұқымды қой
Фото: Архив фотоларынан

Оның шаруашылығындағы Байсары қойының саны шамамен 45 бас. Әбілбек Ерсариннің айтуынша, негізгі қиындықтың бірі – асыл тұқымды малды ресми тіркеу.

– Менің қойларымның тұқымы таза, жақсы қаннан шыққан. Бірақ оларды тіркей алмай отырмын. Малдарды кезінде ресми құжатсыз сатып алғанмын. Сондықтан қазір олар есепте қарапайым қой ретінде тұр, – дейді ол.

Егер малдың тұқымдық мәртебесі ресми бекітілсе, әрі қарай селекциялық жүйеге енгізуге мүмкіндік туады.

Асылтұқымды қой
Фото: Архив фотоларынан

Оның шаруашылығына жақында ғалымдар барып, малына бағалаған.

– Профессорлар менің қойларыма өте жоғары баға берді. Егер мамандар келіп, бонитировка (будандастыру жұмысы) жасап, малдың өлшемдерін алып, тиісті класын анықтап берсе, мен үшін үлкен көмек болар еді. Бірақ саладағы қағазбасты жұмыстар қажетті көмек пен мүмкіндіктерді алуға кедергі, – дейді Әбілбек Ерсарин.

Бұл мысал асыл тұқымды мал шаруашылығында селекцияның өзімен қатар, оның есебін жүргізу мен ресми мәртебесін айқындаудың да маңызды екенін көрсетеді.

Селекцияның жаңа мүмкіндігі

Қазір ДНҚ технологиялары арқылы малдың генетикалық ерекшелігін, популяциялар арасындағы туыстықты және генетикалық әртүрлілікті анықтауға болады. Демек қазақы қойдың болашағы енді зертханадағы талдаулармен де бағаланатын кезеңге келді.

– Дәстүрлі бонитировканы ДНҚ зерттеулерімен алмастыру керек деген сөз емес. Керісінше дәстүрлі селекциялық бағалау мен заманауи геномдық технологиялар бірін-бірі толықтыруы тиіс, – дейді профессор.

Асылтұқымды қой
Фото: Архив Фотоларынан

Сонымен қатар селекциялық жұмыстарда қолдан ұрықтандыру жиі қолданыста. Қарлығаш Омарованың айтуынша, шаруашылықтардың бір бөлігі аналық қойларды қолдан ұрықтандыру үшін арнайы мамандардың қызметіне жүгінеді. Мұның селекция үшін маңызы зор. Табиғи будандатыру кезінде бір қошқар белгілі бір мөлшердегі саулықпен ғана қосылса, қолдан ұрықтандыру арқылы бір қошқардың ұрығын 100 саулыққа дейін қолдануға болады.

Селекцияға маман керек

Алайда мұндай жұмысты кез келген адам жүргізе алмайды. Сондықтан бұл жерде тағы да кадр мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Асылдандыруға арналған мал сатып алу мен оны қолдан ұрықтандыруға қаржы бөлу жеткіліксіз. Шаруашылықта осы жұмысты дұрыс жүргізетін маман болмаса, технологияның тиімділігі де төмендеуі мүмкін.

Қазір салада ғылыми зерттеу жүргізе алатын әрі өндірістің қажеттілігін түсінетін кадрларға сұраныс бар. Қарлығаш Омарованың айтуынша, осы бағыттағы маңызды мәселенің бірі – ғылыми кадр даярлау.

Асылтұқымды қой
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

– Бұл бағытта жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу ұйымдары және өндіріс арасында кадр даярлаудың бірлескен жүйесін қалыптастыру маңызды. Ғылыми кадр даярлауда өндірістен немесе ғылыми-зерттеу институттарынан арнайы мамандарды тарту қажет. Бұл үшін мақсатты гранттар қарастыруға болады. Сонда студент өндірістік мәселелермен жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Қой шаруашылығындағы селекция сияқты ұзақ мерзімді бағытқа маман даярлау да үздіксіз жүргізілуі керек, – дейді Қарлығаш Омарова.

Ғалымның айтуынша, Қазақстанда қой шаруашылығына маманданған ғылыми орталықтардың да мәселесі бар. Бұған дейін Алматы облысында қой шаруашылығымен айналысқан ірі ғылыми институт болған. Қазір аталған мекеме жұмыс істемейді.

Бұл жағдай саладағы ғылыми сабақтастық мәселесін де алға шығарады. Селекция бірнеше жылға созылатындықтан, зерттеу жүргізетін ғылыми орта мен тәжірибені жалғастыратын мамандардың тұрақты болуы маңызды.

Күйек – келер жылдың есебі

Қазақ даласында қой шаруашылығының өз тәртібі, өз есебі болған. Қай кезде күйек алу керек, қай қошқарды отарға қосу керек, төлді қашан өріске шығару қажет – мұның бәрі ғасырлар бойы жинақталған тәжірибемен қалыптасты.

Асылтұқымды қой
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Бүгін сол дәстүрге ғылым мен технология қосылды. Кеше қойшы малды сыртқы тұрқына қарап таңдаса, қазір оның шығу тегі, өнімділігі, ұрпағы және генетикалық ерекшелігі де есепке алынады.

Сондықтан қырдағы күйек енді тек қой мен қошқар қосылатын маусым емес. Ол – бірнеше жылдық селекцияның келесі буынын бастайтын кезең. Өйткені асыл тұқымды малдың құндылығы оның бүгінгі салмағымен ғана өлшенбейді. Оның шын бағасы – ертеңгі төлінде.