Қырғызстан 2026 жылы жеке саяхатқа қолайлы елдер рейтингінде көш бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан халықаралық Much Better Adventures платформасы жасаған Solo Adventure Travel 2026 жаһандық рейтингінде бірінші орынға ие болды, деп жазады Кабар.

киіз үй
Фото: Кабар

Қырғызстанның Туризмді дамыту мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, платформа сарапшылары 26 елді бағалаған. Олар өңірлердің экстремалды және белсенді туризмге әлеуетін, жаяу жүру бағыттарын, көлік қатынасын, баға деңгейін, қауіпсіздік көрсеткіштерін, биоалуантүрлілікті және саяхатшылардың қызығушылығының артуын ескерген.

Орталық Азияның қақ ортасында орналасқан Қырғызстан саяхатшыларды биік тауларымен, тау көлдерімен және табиғаты бүлінбеген кең далаларымен қызықтырады. Тянь-Шань таулары трекингпен айналысуға, атпен серуендеуге, шатыр тігіп демалуға және шалғай таулы аймақтарды зерттеуге кең мүмкіндік береді.

Агенттік елге келген туристер мынадай ерекше тәжірибеге ие бола алатынын айтты:

  • дәстүрлі көшпенділердің киіз үйлерінде түнеу;
  • альпі шалғындарында атпен серуендеу;
  • биік таудағы Ала-Көл маңында жаяу саяхаттау;
  • «Ертегі» шатқалының Марс планетасының пейзаждарына ұқсайтын көріністерін тамашалау;
  • көшпенділер мәдениетімен және қырғыз халқының әйгілі қонақжайлығымен танысу.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылы Қырғызстанға 5,3 млн шетелдік турист барды. Осылайша, елдегі демалушылар саны былтырғы жылы 1,5 есе өсті.