Қырғызстан 2030 жылға дейін балабақшамен қамтуды 80%-ға жеткізуді көздейді
АСТАНА. KAZINFORM — 2030 жылға қарай Қырғызстанда балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейін кемінде 80%-ға жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Кабар.
Бұл туралы Қырғыз Республикасының Министрлер кабинетінің төрағасы әрі Президент әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Үміт шырағы» балабақшасының іргетасына капсула салу рәсімінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, елде балабақшамен қамту көрсеткіші айтарлықтай артқан: 2024 жылы 28,3% болса, 2025 жылы 51%-ға жеткен.
— Қазіргі таңда Қырғызстан бойынша 2344 балабақшада 320 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Үкімет балабақшалар салу және қайта жаңғырту үшін 10% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер береді. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдардың оқу алаңдарын қайта бейімдеу жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылғы мәлімет бойынша 367 мекеме қайта бейімделіп, нәтижесінде 518 қосымша топ ашылып, 13 447 бала қамтылған. Бұған қоса, бұрын жекешелендірілген 25 балабақша мемлекет меншігіне қайтарылған, — деді ол.
Сондай-ақ елде 500 қысқа мерзімді балабақша және 60 даму орталығы ашылды. Пилоттық режимде мемлекеттік ваучерлік қаржыландыру жобасы іске қосылып, аз қамтылған отбасылардың балалары мен мүмкіндігі шектеулі балаларға қосымша қолдау көрсетіліп келеді.
Касымалиев мектепке дейінгі білім берудің маңызын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, бұл кезең — баланың өміріндегі ең маңызды саты, онда балалар білім алып қана қоймай, тәрбиеленіп, қоғамға бейімделеді.
Осыған дейін 2027 жылы Қырғызстанда студенттерді ротациялау жүйесі енгізілетіні белгілі болды.