Қырғызстан алғашқы жерсерігін ұшыруға дайындалып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда елдің алғашқы отандық жерсерігі әзірленді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Қырғыз Республикасының Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, жерсерікті қазан айының бірінші аптасында АҚШ-тың Калифорния штатынан ұшыру жоспарланып отыр.
Ғарыш аппараты «Қырғыз Асман» ашық акционерлік қоғамының қырғызстандық мамандары тарапынан әзірленіп, құрастырылған. Жоба бойынша жұмыстар шамамен 2,5 жыл жүргізілген.
Ведомство мәліметінше, жерсерік негізінен ауыл шаруашылығы саласында пайдаланылатын болады. Одан алынатын деректер егістік алқаптардың жағдайын бақылауға, төтенше жағдайлардың салдарын бағалауға, ауыл шаруашылығы жерлері мен жайылымдарды талдауға, құрғақшылық белгілерін дер кезінде анықтауға және өнімділікті алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, жерсеріктік мониторинг мұздықтардың, су ресурстарының және қоршаған ортаның жай-күйіндегі өзгерістерді бақылауға көмектеседі.
Соңғы дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін жерсерік ғарышқа ұшырылады.
Бұған дейін Қырғызстанда Starlink жерсеріктік интернеті іске қосылғаны хабарланған болатын.