Қырғызстан әуе компанияларына хабарландыруды қырғыз тілінде жариялауды бұйырды
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстанның Азаматтық авиация жөніндегі мемлекеттік агенттігі әуе тасымалдаушыларын ұшақ бортындағы жолаушыларға ақпарат беру кезінде мемлекеттік тілді қолдануға міндеттеді, деп хабарлайды Kaбар.
Бұрын халықаралық рейстердегі жолаушылар әдетте ақпаратты негізінен ағылшын және орыс тілдерінде, сондай-ақ рейс ұшып шыққан елдің тілінде алатын. Енді осы тілдермен қатар, елге және елден ұшатын рейстерде Қырғыз Республикасының мемлекеттік тілін пайдалану міндетті.
Жаңа талап барлық әуе компанияларына, соның ішінде Қырғызстанға халықаралық рейстерді орындайтын барлық шетелдік әуе тасымалдаушыларына қолданылады.
Бұл шара мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға, жолаушылардың маңызды ақпаратқа тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге және азаматтық авиациядағы қызмет көрсету стандарттарын одан әрі жақсартуға бағытталған.
Енді жолаушыларға арналған негізгі хабарландырулар, соның ішінде төтенше жағдайлардағы тәртіп ережелері, ұшу қауіпсіздігі ережелері, ұшу және қону туралы ақпарат және ұшу операциялары кезінде қажетті басқа да хабарламалар Қырғыз Республикасының мемлекеттік тілінде жасалуы тиіс.
Айта кетейік, Қырғызстанда әскерге электронды шақырту мен цифрлық куәлік енгізіледі.