Қырғызстан билігі азаматтарын электр энергиясын үнемдеуге шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан энергетика министрі Таалайбек Ибраев алдағы қыстың аса күрделі болатынын ескертіп, халықты электр энергиясын үнемдеуге шақырды, деп хабарлайды «Кабар».

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Токтогүл су қоймасындағы су көлемі былтырғы көрсеткіштен 1,6 млрд текше метрге төмен.
«Бұл дегеніміз – электр энергиясы 1,6 млрд кВт/сағатқа аз өндіріледі деген сөз. 2024 жылы су деңгейі 12,4 млрд текше метр болғанда, энергетиктер қысқы маусымды аса ірі қиындықсыз өткерді, апатты сөндірулер аз болды. Бірақ бұл табиғаттың заңдылығы. Мысалы, өткен жылы жауын-шашын мөлшері 107% болса, биыл – 92%. Су тапшылығы тек Қырғызстанда ғана емес, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанда да сезілуде», – деді ол.
Ибраев судың тапшылығы туралы алғаш рет 2021 жылы айтқанын еске салды. Оның айтуынша, су деңгейі Токтогул ғана емес, Орто-Токой, Киров су қоймаларында да төмендеген.
Қазіргі таңда Қырғызстан тұтынатын электр энергиясы өндірілген көлемнен артық. Тапшылықты ел көрші мемлекеттерден импорт арқылы жауып отыр.
Министр тұрғындарға электр энергиясын үнемдеуді, тұтыну тәртібін сақтауды, әсіресе жүктеме ең жоғары уақыттарда қуаты көп құралдарды қолданбауды ескертті.
Еске салсақ, 2023 жылғы 1 тамыздан бастап 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қырғызстанда энергетика саласында төтенше жағдай режимі енгізілген болатын.
Министрдің болжамынша, ел 2028 жылға қарай қосымша қуат көздерін іске қосу арқылы энергетикалық дағдарыстан шыға алады.
Айта кетейік, Қырғызстанда қара металл сынығы мен қалдықтарын экспорттауға тыйым салынды.