Қырғызстан экономикасы жеті айда 11,1%-ға өсті
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстанның ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) биыл қаңтар-шілде айларында, алдын ала бағалау бойынша, 1 трлн 172,7 млрд сомды (шамамен 13,4 млрд АҚШ доллары) құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 11,1%-ға жоғары. Бұл туралы Қырғызстан Ұлттық статистика комитеті хабарлады.
Комитеттің мәліметінше, экономикалық өсімге қызмет көрсету саласы, тауар өндіру салалары және өнімдерге салынатын таза салықтар үлес қосқан.
ІЖӨ құрылымында қызмет көрсету саласының үлесі 49,8%, тауар өндіру салаларының үлесі 34,2%, ал өнімдерге салынатын таза салықтардың үлесі 16% болды.
Есепті кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 11,2%-ға артты. Құрылыс саласындағы өсім 1,6 есені, көтерме және бөлшек саудада 4%-ды құрады.
Ауыл, орман және балық шаруашылығындағы көрсеткіш 6%-ға, қонақүйлер мен мейрамханалар қызметінің көлемі 9,3%-ға өсті.
Биыл қаңтар-маусым айларында Қырғызстанның сыртқы және өзара тауар саудасының көлемі 7,9 млрд долларды құрап, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,4%-ға артты.
Сауда көлемінің өсуіне импорттың 3,7%-ға артуы әсер етті. Ал экспорт, керісінше, 11,1%-ға төмендеді.
Елдің жалпы тауар айналымында экспорттың үлесі 13,5%, импорттың үлесі 86,5% болды.
Еске сала кетсек, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 41,5%-ға өсті.