Қырғызстан картоп импортына тыйым салмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда картоп импортына алты ай мерзімге уақытша шектеу енгізу ұсынылды, деп хабарлайды Kazinform-ның Бішкектегі меншікті тілшісі.
Осыған қатысты Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің қаулысы қоғамдық талқылауға ұсынылды.
Бұл шара картопты жаппай жинап, нарыққа шығару кезеңінде жергілікті өндірушілердің мүддесін қорғап, ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Қырғызстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында елге 24,7 мың тонна картоп импортталған. Оның басым бөлігі Қытайдан жеткізілген. Сонымен қатар картоп Германия, Қазақстан, Пәкістан, Иран, Ресей және Өзбекстаннан да әкелінген.
2026 жылдың алғашқы жеті айында Қырғызстанда 486 мың тонна отандық картоп өндірілді. Жыл соңындағы жалпы өнім көлемі шамамен 1 млн 249,7 мың тонна болады деп жоспарланған. Бұл көрсеткіш ел халқының ішкі қажеттілігін 450 мың тоннаға арттырып, сұранысты 156,3 пайызға қамтамасыз етеді.
Егер нарықтағы жағдай реттеліп, елде картоп тапшылығының қаупі туса, уақытша тыйым мерзімінен бұрын алынуы мүмкін.
Шектеу Қырғызстан аумағы арқылы өтетін транзиттік тасымалдарға, тыйым күшіне енгенге дейін жолға шыққан жүктерге, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және сынақ жүргізуге арналған картопқа қолданылмайды.
Бұған дейін Қырғызстан құрылыс материалдарының бірқатар түріне уақытша тыйым салған еді.