Қырғызстан Қазақстандағы конституциялық өзгерістерді қолдайды — Жогорку Кенеш төрағасы
АСТАНА. KAZINFORM — Марлен Маматалиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесу үшін алғыс айтып, Президент Садыр Жапаровтың ыстық ықыласын жеткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
— Қырғыз тарапы Сіздің басшылығыңызбен іске асырылған ауқымды конституциялық өзгерістерді қолдайды. Мен мұны сенімді түрде айта аламын. Бұл әділетті әрі озық Қазақстанды құруға берік негіз қалайды. Сізге және бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік, бақ-береке тілеймін. Қолға алған реформаларды табысты жүзеге асыруларыңызға тілектеспін, — деді Жогорку Кенеш төрағасы.
Кездесу барысында парламентаралық байланыстарды дамыту және жоғары деңгейде қол жеткізілген екіжақты уағдаластықтарды заңнамалық тұрғыдан тиімді қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Екі елде жүргізіліп жатқан жүйелі әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде мазмұнды әрі егжей-тегжейлі әңгіме өрбіді.
Президент пен Жогорку Кенеш төрағасы Қазақстан мен Қырғызстанның стратегиялық серіктестік және одақтастық қарым-қатынасын жан-жақты дамытуға бейіл екенін растады.
Бұған дейін Президент Шымкент қаласының даму қарқыны туралы есеппен танысқанын жаздық.