Қырғызстан макулатура мен картон экспортына тыйымды ұзартты
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстанда қайта өңделетін қағаз бен картонды ел аумағынан шығаруға салынған тыйым ұзартылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Қырғызстан Министрлер кабинетінің қаулысына сәйкес, ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасындағы 4707 коды бойынша жіктелетін тауарларды елден шығаруға алты ай мерзімге тыйым салынады.
Шектеу транзитке және Министрлер кабинеті тарапынан көрсетілетін гуманитарлық көмекке қолданылмайды.
– Бұл шаралар ішкі нарықты қолжетімді шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған, – делінген хабарламада.
Қырғызстан Экономика және коммерция министрлігіне уақытша тыйым туралы Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық комиссияны белгіленген тәртіппен хабардар ету тапсырылды.
Ал Сыртқы істер министрлігі ТМД Атқарушы комитетіне ақпарат береді. Мемлекеттік кеден қызметі мен Мемлекеттік шекара қызметі аталған тауарлардың заңсыз шығарылуына жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылдайды.
Бұған дейін Қырғызстан қара металл сынықтары мен қалдықтарын, әктас, сондай-ақ ағаш пен орман материалдарын экспорттауға салынған тыйымды ұзартқан еді.