Қырғызстан мектептерде синтетикалық есірткіні анықтау жобасын әзірлеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігі мектептердегі синтетикалық есірткіні анықтау жобасын әзірлеуге көшті, деп хабарлайды Кабар.

Әрбір мектепте ағынды сулардан сынама алынып, оның құрамында синтетикалық есірткі заттарының бар-жоғы анықталмақ. Бұл туралы Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрі Эркин Чечейбаев «Ата-Жұрт Кыргызстан» парламенттік фракциясының отырысында айтты.
Министрдің айтуынша, ведомство ресейлік тараппен бірлесіп жобаны жүзеге асырып жатыр.
— Әр мектепте ағынды судан сынама алынады. Егер құрамында синтетикалық есірткі анықталса, ІІМ тарапынан нысаналы тексерулер мен жедел іс-шаралар жүргізуге мүмкіндік болады. Біз барлық оқушыны, студент пен ел азаматтарын жеке-жеке тексере алмаймыз, бірақ осы әдіс арқылы жағдайды анықтауға болады. Қазір бұл жоба әзірлену үстінде. Қазіргі уақытта келіссөздер жүргізіп жатырмыз, — деді Эркин Чечейбаев.
Осыдан бұрын Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы ел халқының қоғамдық денсаулығын жақсарту мақсатында темекіге салынатын акциздік салықты арттыруды ұсынды.