Қырғызстан мен Өзбекстан тауар айналымын 2 млрд долларға дейін арттыруды көздеп отыр
БІШКЕК. KAZINFORM — Шолпан-Атада қырғыз-өзбек екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 12-ші отырысы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Отырыс Қырғызстан премьер-министрі Адылбек Қасымалиев пен Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповтың тең төрағалығымен өтті.
Қырғыз үкіметінің басшысы Қырғызстанның Өзбекстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән беретінін атап өтті.
— 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы сауда айналымы 1 млрд доллардан асты, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 19%-ға көп. Соңғы бес жылда ол екі есе өскен. Біз бірлесіп 2030 жылға қарай өзара сауда көлемін 2 млрд долларға дейін арттыру мақсатын қойдық, — деді Адылбек Қасымалиев.
Тараптар «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржол жобасының белсенді түрде жүзеге асырылып жатқанын растады. Қамбарата-1 су электр станциясының стратегиялық құрылысы бойынша бірлескен жұмыс та атап өтілді.
Кездесудің бас нәтижесі логистика және агроөнеркәсіп салаларындағы келісімдерді ресімдейтін Хаттамаға қол қою болды.