Қырғызстан мен Тәжікстан мемлекеттік шекарада алғашқы бағаналарды орнатты
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан мен Тәжікстан мемлекеттік шекарада алғашқы шекара бағаналарын орнатуды бастады, деп хабарлайды Кабар.
Мемлекеттік шекараны демаркациялау жұмыстарының кезекті кезеңі аясында Қырғызстан мен Тәжікстан өкілдері бүгін Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның мемлекеттік шекаралары түйісетін нүктеден басталатын учаскеде алғашқы шекара бағаналарын бірлесіп орнатуға кірісті.
Қырғызстан Министрлер кабинетінің мәліметінше, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекараның жалпы ұзындығы 1008,14 шақырымды құрайды. Ал бейтарап мәртебеге ие жер учаскелерінің жалпы периметрі 14,07 шақырым.
2002 жылғы желтоқсанда басталған мемлекеттік шекараны делимитациялау үдерісінің толық аяқталуы екі көрші мемлекет арасындағы қарым-қатынаста жаңа кезеңнің басталуына жол ашқан тарихи жетістік ретінде бағаланды.
Биылғы 13 наурызда Бішкек қаласында екі ел басшылары Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы мемлекеттік шекара туралы шартқа қол қойды. Бұл құжат өзара сенімді нығайтуға, ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге және шекара маңындағы аумақтардың орнықты дамуына берік халықаралық-құқықтық негіз қалады.
Мемлекет басшыларының тапсырмаларын орындау мақсатында Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасы үкіметтік делегацияларының бірлескен қырғыз-тәжік демаркациялық комиссиясы аясында арнайы жұмыс топтары құрылып, демаркациялау шараларын іс жүзінде жүзеге асыруға кірісті.
Жұмыстар тараптардың өзара түсіністігі, сындарлы ынтымақтастығы және жоғары жауапкершілігі жағдайында жүргізіліп жатыр.
Демаркациялау басталғаннан бері мемлекеттік шекараның 416,01 шақырым бөлігінде бірлескен далалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Баткен облысының Баткен және Ләйлек аудандары, сондай-ақ Тәжікстанның Соғды облысындағы Исфара және Конибод қалаларына, Бобожон Ғафуров, Жаббор Расулов, Спитамен және Деваштич аудандарына шектес аумақтарда 1627 шекара белгісінің (1954 шекара бағанасының) алдын ала координаттары мен орнатылатын орындары анықталып, ағаш және металл қазықтармен белгіленді.
Биылғы 14 шілдеде демаркация жұмыстарының кезекті кезеңі аясында екі елдің өкілдері Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның мемлекеттік шекаралары түйісетін нүктеден басталатын учаскеде төрт шекара бағанасын бірлесіп орнатты.
Бұл практикалық қадам жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанын және тараптардың өзара сенім, әріптестік пен тату көршілік рухындағы ынтымақтастығының жоғары тиімділігін айқын көрсетеді.
Тараптардың пікірінше, мемлекеттік шекараны халықаралық құқық талаптарына сай толық ресімдеу және оны тиісті түрде белгілеу өңірлік қауіпсіздікті нығайтудың, шекара маңындағы аумақтардың орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің, өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтудің және Қырғызстан мен Тәжікстан халықтары арасындағы достық қатынастарды одан әрі тереңдетудің маңызды факторы саналады.
Бұған дейін Қырғызстан мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттауға уақытша тыйым салғанын жаздық.