Қырғызстан президенті өлім жазасын енгізуді бұйырды
БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстан президенті Садыр Жапаров балаларды зорлау, әйелдерді зорлау және өлтіру сияқты аса ауыр қылмыстар үшін өлім жазасын енгізуге шақырды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

30 қыркүйекте Қырғызстанның Ыстықкөл облысында 17 жастағы қыздың ұрланғаны, зорланғаны және өлтірілгені туралы ақпарат тарады.
Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов кәмелетке толмаған Айсұлудың ерекше айуандықпен өлтірілуіне қатысты іс президент Садыр Жапаровтың жеке бақылауында екенін хабарлады.
— Мемлекет басшысы қоғамды дүр сілкіндірген бұл қылмыс туралы хабарды қатты өкінішпен қабылдады. Сонымен бірге ол Президент әкімшілігінің құқықтық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Мұрат Уқышевқа балаларға, қыздарға және әйелдерге қарсы қылмыстар үшін барынша қатаң жазаны қарастыратын заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды. Атап айтқанда, мәселе балаларды зорлау, сондай-ақ әйелдерді зорлап өлтіру үшін өлім жазасы туралы норманы енгізу туралы болып отыр, — деп түсіндірді ол.
Қырғызстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілер жобаларын қоғамдық талқылау порталында да азаматтардың Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу туралы ұсынысы жарияланды.
Бастамашылар ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру, кәмелеттік жасқа толмаған баланы өлтіру және зорлау немесе басқа да зорлық-зомбылық сипаттағы сексуалдық әрекеттермен байланысты кісі өлтіру үшін өлім жазасын белгілеуді ұсынып отыр.
Өлім жазасы үкім заңды күшіне енгеннен кейін және барлық сот инстанцияларында қаралғаннан кейін ғана қолданылуы мүмкін екені атап өтілген. Өлім жазасы әйелдерге немесе кәмелетке толмағандарға қолданылмауы тиіс.
Елде кәмелетке толмағандарды өлтіру және зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің көбеюі қолданыстағы жазалардың жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр.
Бастамашылардың пікірінше, ерекше жағдайларда өлім жазасын енгізу қоғамды қорғауға, мұндай қылмыстардың алдын алуды күшейтуге, жазаның бұлтартпастығы қағидатын нығайтуға септігін тигізеді.
Бұған дейін Трамп Вашингтонда өлім жазасына кесуге рұқсат бергенін жазған болатынбыз.