Қырғызстан ірі инвесторлар үшін жағдайды жеңілдетіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Елде тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында ірі бизнесті ынталандыру шаралары жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Қырғызстандағы меншікті тілшісі.

Қырғыз Республикасының Ұлттық инвестициялар агенттігінде атап өткендей, «ҚР-дағы инвестициялар туралы» заңның ережелеріне сәйкес инвесторларға Қырғыз Республикасының Министрлер кабинетімен тікелей жеке инвестициялық келісім жасасу мүмкіндігі берілген.
Агенттіктің мәліметінше, аталған норма кемінде 10 млн АҚШ долларын салуға дайын, халықаралық іскерлік беделі бар, бірегей білімдері мен табысты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі бар инвесторларға қолданылады.
Инвестициялық келісім аясында инвесторларға төмендегідей мүмкіндіктер ұсынылуы мүмкін:
салықтық және кедендік жеңілдіктер мен преференциялар;
негізгі қызметкерлер үшін визалық қолдау;
жобаларды іске асыруға арналған жер телімдерін таңдауға және рәсімдеуге жәрдемдесу.
Ұлттық инвестициялар агенттігі халықаралық және жергілікті инвесторларды ынтымақтастыққа шақырып, инвестициялық бастамаларды өтінім беруден бастап жобаны іске асыруға дейін толық қолдауға дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Қырғызстанда орташа айлық жалақы 42 мың сомнан асқаны туралы жазған едік.