Қырғызстан ТЖМ басшысы тағайындалғаннан кейін үш аптадан соң қызметінен босатылды
БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстанда Төтенше жағдайлар министрі Урматбек Шамырканов президент жарлығымен қызметінен босатылды, деп хабарлайды Kazinform-ның Бішкектегі меншікті тілшісі.
Президенттің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов әлеуметтік желідегі парақшасында отставкаға кету себебін түсіндірді.
— Жаңа министрдің қызметінен босатылуына Урматбек Шамыркановтың Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары қызметін атқарған кезде пара алды деген күдікке ілінуі себеп болды, — деп жазды ол.
Ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың жазында ол аталған министрлік бөлімшесіндегі қызметкерлердің бірінен лауазымын көтеру үшін пара талап еткен.
Қызметкердің айтуынша, ол келісілген соманың жартысын сол кездегі Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары У.Шамыркановтың электронды әмиянына аударған.
— Шамырканов министр болып тағайындалғаннан кейін қызметкер соманың қалған жартысын аудара алмайтынын хабарлады. Оның айтуынша, министр оны Баткен облысындағы бөлімшеге ауыстырды. Қызметкер президент Садыр Жапаровқа жүгінді, — деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы.
Қырғызстан басшысы Бас прокуратураға мәлімдемеде айтылған айыптауларды тексеруді тапсырды. Тергеу мәлімдемеде көрсетілген фактілерді растады.
Еске сала кетсек, 2026 жылдың 19 ақпанында Урматбек Шамырканов Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды. Сол күні Умгалбек Шабданбеков Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы атанды.
Қырғызстан президенті соңғы кадрлық шешімдер неден туындағанын түсіндірді.
Осыған дейін Қырғызстан парламентіне жаңа спикер сайланғанын жаздық.