Қырғызстанда 1 ағаш кескендер 5 ағаш отырғызуға міндеттелмек
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан жасыл кеңістіктерді қорғау ережелерін күшейтуде, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Тиісті заң жобасын Қырғызстан Жогорку Кенешінің Сот-құқық мәселелері, құқық тәртібі, қылмыспен күрес және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитеті бірінші оқылымда қабылдады.
Құжатқа сәйкес, «бірге бес» ұстанымы бойынша көгалдандыру талабы енгізіледі. Бұл ретте көшеттерді еккен адам жерсінуін қадағалайды, үш жыл бойы күтеді. Жергілікті билік органдарының ұсынуымен, көшетті балама орындарға отырғызу мүмкіндігі қарастырылған.
Заң жобасында елді мекендердегі жасыл кеңістіктерге экологиялық қауіпсіздікті және халықтың санитарлық-гигиеналық әл-ауқатын қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылым ретінде арнайы құқықтық мәртебе белгілеу ұсынылады.
Бұл шаралар ағаштардың жаппай кесілуін және қалалардағы демалыс аймақтарының ретсіз дамуын тоқтатуға бағытталған.
Бұған дейін Қырғызстанда заңсыз қоқыс үйінділеріне айыппұл салу ұсынылған.