Қырғызстанда Абай Құнанбайұлының құрметіне көше атауы беріліп, ескерткіш орнатылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның Ош қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының құрметіне көше атауы беріліп, ескерткіш қойылады, деп хабарлайды Кабар.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, Ош қаласының басшысы Женишбек Токторбаев Қазақстанның Ош қаласындағы бас консулы Мұхтар Карибаев және Өзбекстанның бас консулы Зафарбек Ахмедовпен бірге Волгоград және К. Тимирязев көшелерін аралап көрді.

Аталған көшелердің біріне қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының есімі беріледі, сондай-ақ сол көшелердің бірінде ақынға ескерткіш орнатылады.
Қазіргі уақытта бұл көшелерде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Олардың жалпы ұзындығы — 3 шақырым 800 метр.
Алдағы бір ай ішінде осы көшелердің бірінде Абай ескерткіші орнатылып, шағын саябақ абаттандырылмақ.
Kazinform тілшісі Абай облысында өткен «Абай күнінен» фоторепортаж ұсынған еді.
Бұдан бұрын Абай облысының әкімі Берік Уәли Абай ауданы Қарауыл ауылында өткен «Абай күні» мерекесінде «Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында «Этно ауыл Жидебай» кешені салынатындығын жеткізді.