Қырғызстанда балықты тормен заңсыз аулағандарға жазаны күшейту ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан Жогорку Кенешінің төрағасы Марлен Маматалиев Түп және Ыстықкөл аудандарына барып, Ыстықкөл көлінің түбі мен жағалауын тазарту экологиялық акциясына қатысты. Бұл туралы парламенттің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Кабар.
Алдымен спикер Жогорку Кенеш депутаттарымен, Шолпан-Ата қалалық кеңешінің депутаттарымен және жастармен бірге көл жағалауын тазалау жұмыстарына қатысты. Кейін акцияға қатысушылар суға сүңгіп, флора мен фаунаға қауіп төндіретін қалдықтарды көл түбінен шығарды.
Марлен Маматалиев Ыстықкөлдің бірегей табиғи мұра екенін ерекше атап өтті.
— Өкінішке қарай, соңғы уақытта көл жағасында ғана емес, түбінде де қоқыс көбейіп кетті. Әсіресе заңсыз қойылған синтетикалық балық аулау торлары экожүйеге үлкен зиян келтіріп отыр. Бұл сырт көзге байқалмағанымен, биологиялық әртүрліліктің азаюына, балықтардың қырылуына және экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына әкеледі. Бүгін біз бұған өз көзімізбен куә болып, көп мөлшерде қоқыс пен синтетикалық торларды шығардық, — деді ол.
Сондай-ақ төраға мемлекет басшысы бұл мәселеге соңғы үш жыл бойы ерекше көңіл бөліп келе жатқанын айтып, тиісті жарлыққа қол қойылғанын жеткізді.
— Президент Ыстықкөлге ұқыпты қарауға үнемі шақырып келеді. Жағдай шынымен де алаңдатарлық. Көл түбінен шамамен 6 мың шақырым браконьерлік тор шығарылды. Бұл Қаракөл қаласына дейінгі арақашықтықты 15 рет жүріп өтумен тең. Өкінішке қарай, мұндай заңсыз әрекеттер әлі де жалғасуда. Осыған байланысты біз балықты тормен заңсыз аулағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарып отырмыз. Заң қабылданса, айыппұл көлемі ұлғайтылып, заңсыз тор құрғандар түрмеге де қамалуы мүмкін, — деді Маматалиев.
Сонымен қатар ол бұл акцияның экологиялық мәселелердің алдын алуға бағытталғанын айтып, азаматтарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырды.
— Ыстықкөлдің тазалығын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу — бәріміздің ортақ міндетіміз. Өз жері мен халқын сүйетін адам мұндай әрекеттерге жол бермеуі тиіс, — деді ол.
Марлен Маматалиев бастаған депутаттар бастамашы болған «Қырғыз Республикасының су нысандарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бүгін қоғамдық талқылауға шығарылғаны хабарланды.
Бұдан бұрын Қырғызстан шекарадағы ветеринариялық бақылауды реттейтінін жаздық.