Қырғызстанда бірыңғай QR-төлем жүйесі бойынша рекорд жаңарып келеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қырғыз Республикасы Ұлттық банкі төрағасы Мелис Тургунбаев онлайн төлемдердің өсуі туралы пікір білдірді.

Қырғыз Республикасы Ұлттық банкі төрағасы Мелис Тургунбаев
Фото: Видеодан скрин

Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің XIII конгресінде Мелис Тургунбаев қазақстандық әріптестерін бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесінің ресми іске қосылуымен құттықтады.

— Бұл кезеңді біз 2019 жылы өткенбіз. Сол кезде қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту қажет екенін және өңірлеріміздің артта қалғанын түсіндік. Біз QR-төлем жүйесін белсенді түрде дамытуға кірістік. Атап айтқанда, төлем жүйелерінің барлық қатысушыларын ұлттық стандартқа қостық. Жыл өткен сайын көрсеткіштер рекорд жаңартып келеді. Біз не істедік? Жүйені іске қосып, комиссияны алып тастадық — содан кейін бәрі пайдалана бастады. Себебі QR арқылы барлық төлемдер мен транзакциялар тегін болды. Кейін мемлекеттік қызметтерді, мемлекеттік сервистерді QR-төлемге қостық. Бұл да өсімге әкелді, — деді ол.

Ұлттық банк төрағасы өңірде Қырғызстанның QR-төлем жүйесі мен криптоактивтерді дамыту бойынша алда келе жатқанын атап өтті.

— Цифрлық ақша бойынша сәл артта қалуымыз мүмкін, бірақ соңғы орында болмас үшін жылдам енгізуге тырысып жатырмыз. Егер Қазақстан пилоттық жобаны бастап кетсе, біз келесі жылы бастаймыз. Қазір тестілеу кезеңінен өтіп жатыр: цифрлық сом енгізетін компанияны таңдадық, блокчейн жүйесін анықтадық. Заңнамалық бөлігі дайын: 10-нан астам заң мен нормативтік актілерге өзгерістер енгізілді. Келесі жылдың басында пилоттық жобаны бастаймыз және барлық мемлекеттік қызметтерді де цифрлық сомға көшіруді жоспарлап отырмыз. Жаппай пайдалануды 2027 жылдың қаңтарында бастаймыз, сол уақытқа дейін бәрі дайын болады, — деді ол.

Қырғыз Республикасында QR-төлем жүйесі 2022 жылдың мамырынан бері жұмыс істейді. Жүйеге қатысушылар қосылғаннан кейін QR-төлемдердің саны 54,6 есе, төлем көлемі 85 есеге жуық өскен.

24.kg мәліметінше, тек 2025 жылдың 6 айында QR арқылы 274,9 млрд сомға төлем жүргізілген — бұл 2024 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 20 есе көп.

Еске салайық, кеше елімізде бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі ресми түрде іске қосылды.

Соңғы жаңалықтар