Қырғызстанда ел басшыларының бір мезгілде шетелде болуына тыйым салынды
АСТАНА. KAZINFORM - Қырғызстанда «Мемлекеттік хаттама туралы» жаңа заң қабылданды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Құжат ел басшылығының шетелге сапарларын, жоғары және аса жоғары деңгейдегі шетелдік делегацияларды қабылдау тәртібін, сондай-ақ өзге де хаттамалық іс-шараларды нақты реттейді.
Заңның жеке бабына сәйкес, президент, Жогорку Кенеш төрағасы және Министрлер кабинетінің төрағасы бір уақытта шетелде бола алмайды.
Сонымен қатар жоғары лауазымды тұлғалардың қысқа уақыт аралығында бір мемлекетке қайта-қайта сапарлауына шектеу қойылды. Бұл талап жоспарлы көпжақты іс-шараларға қолданылмайды.
Елдегі лауазымды тұлғалардың хаттамалық мәртебе тәртібін президент Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы негізінде бекітеді.
Мемлекеттік хаттаманы жүзеге асыру жұмыстары Сыртқы істер министрлігіне, Президент әкімшілігінің және Жогорку Кенеш аппаратының хаттамалық қызметтеріне жүктелген.
Ал ел аумағындағы бірыңғай хаттамалық тәжірибені үйлестіруді Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама департаменті жүргізеді.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қырғызстан Қызыл кітабын жаңартады.