«Жанұя» орталығы 8 айда 2800-ден аса адамға заңгерлік көмек көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы «Жанұя» Отбасын қолдау орталығы қиын жағдайға тап болған әрбір отбасыға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Жанұя» орталығы сегіз айда 2800-ден астам адамға заңгерлік көмек көрсетті
Фото: Астана әкімдігі

Мәселен орталықтың заң бөлімі азаматтарға өз мәселелерін заң аясында дұрыс шешуге көмектесіп, әлеуметтік әділеттілік пен теңдікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Азаматтарды құқықтық қамтамасыз ету және заңгерлік көмек көрсету бөлімінің басшысы Ербол Есбұлғановтың айтуынша, қаңтар-тамыз айлары аралығында орталықта 2811 адамға заңгерлік және медиациялық көмек көрсетілген.

— Орталығымызға көпбалалы, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі баласы бар жанұялар, сондай-ақ әлеуметтік және қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтар жиі жүгінеді. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған, жұмыссыз және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар да заңды көмек алу үшін келіп жатады. Біз олардың өтініштерін қабылдап, құқықтық кеңес ұсынамыз, қажет болған жағдайда процессуалдық құжаттарды әзірлейміз және сотқа дейінгі құқықтық сүйемелдеу көрсетеміз, — дейді Ербол Есбұлғанов. 

Сондай-ақ орталықта халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ақпараттық жұмыстар жүргізіп, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен адвокаттармен ынтымақтастық орнатады.

— «Жанұя» орталығының заңгерлік бөлімі азаматтарға тегін, қолжетімді және сапалы құқықтық көмек көрсетуге арналған. Орталықта құқықтық көмекке қатысты ашық есік күндері, жиындар және мерекелік акциялар жиі ұйымдастырылып тұрады. Бөлім қызметкерлері Әділет департаменті, жеке сот орындаушылары мен адвокаттар алқасы өкілдерімен бірлесе отырып, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырады, — дейді Есбұлғанов. 

Сонымен қатар «Жанұя» Отбасын қолдау орталығы психологиялық кеңес беру және қиын жағдайға түскен отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету қызметтерін ұсынады.

Осыған дейін қазақстандықтар тегін ЖИ-заңгер көмегіне жүгіне алатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар