Қырғызстан құрылыс материалдарының бірқатар түріне уақытша тыйым енгізді
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан Министрлер кабинеті ел аумағына құрылыс материалдарының жекелеген түрлерін әкелуге уақытша тыйым салды, деп хабарлайды Кабар.
Тиісті шешімге Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев қол қойды. Уақытша тыйым алты ай мерзімге енгізілді.
Қаулының мақсаты — отандық құрылыс материалдарын өндірушілерді қорғау, ішкі нарықты тұрақтандыру, сондай-ақ үшінші елдер тарапынан болатын импорттық бәсекелестік жағдайында Қырғызстанның экономикалық және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қырғызстанға әкелуге уақытша тыйым салынған құрылыс материалдары:
- Құрылыс блоктары мен кірпіштер – жеңіл бетоннан, цементтен, бетоннан немесе жасанды тастан жасалған блоктар мен кірпіштер;
- Тротуар және қаптау плиткалары – еденге, пешке, каминге, қабырғаға арналған плиткалар;
- Керамикалық плиткалар – әртүрлі пішіндегі плитка, текше және соған ұқсас бұйымдар;
- Шынының кей түрлері – құйылған, прокатталған, тартылған және үрленген шыны, сондай-ақ термиялық өңделген, тегістелген немесе жылтыратылған шыны;
- Электр кабельдері – алюминий және мыс талшықтары бар кабельдер. Оның ішінде АВВГ, АВВГнг, АВВГнг-LS, ВВГ, ВВГнг, ВВГнг-LS маркалары, қимасы 1,5-тен 240 мм²-ге дейінгі және 1-ден 5 талшыққа дейінгі кабельдер;
- Өзін-өзі ұстап тұратын оқшауланған сымдар – СИП-1, СИП-2, СИП-3, СИП-4 және СИП-5 маркалары, қимасы 16-дан 150 мм²-ге дейін.
Қырғызстан аумағына әкелуге уақытша тыйым салынған құрылыс материалдарының жекелеген түрлерінің тізімімен және қаулының толық мәтінімен Қырғызстан Министрлер кабинетінің ресми сайтынан танысуға болады.
Осыдан бұрын Қырғызстанның қазіргі мемлекеттік қарызы қанша екенін жазған болатынбыз.