Қырғызстанда Құрылтай сайлауында дауыс беру аяқталды
БІШКЕК. KAZINFORM — Бішкекте Қазақстанның Қырғызстандағы дипломатиялық өкілдігінің сайлау учаскесінде жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00–де дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Бішкектегі № 428 сайлау комиссиясының учаскесінде сайлау процесі қалыпты өтті. Қазақстан азаматтарының дауыс беруге қатысуы 94%-ды құрады.
Дауыс берушілердің арасында елде әртүрлі себептермен тұратын және сонда жүрген қазақстандықтар, соның ішінде би театрының әртістері мен туристер болды.
Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшілігінің қызметкерлері дауыс берудің ашықтығын, учаскелік сайлау комиссиясының үздіксіз жұмыс істеуін және отандастарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күшін салды.
ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының бақылаушысы Дания Азатованың атап өтуінше, дауыс беру ұйымдастырылған түрде және демократиялық сайлаудың негізгі халықаралық стандарттарына сәйкес өтті.
— Азаматтардың өз еркін білдіруі үшін барлық қажетті жағдай қамтамасыз етілді. Азаматтардың сайлау учаскесінде болуы кезінде олардың таңдауына әсер етуі мүмкін ешқандай бұзушылықтар немесе жағдайлар байқалған жоқ. Жалпы алғанда, дауыс беру процедурасы сайлаудың белгіленген талаптары мен ашықтығы қағидаттарына сәйкес тиісті түрде ұйымдастырылды, — деп түйіндеді ол.
Осыған дейін қазақстандық бишілердің Қырғызстанда дауыс бергенін жаздық.