Қырғызстанда президент сайлауы 2027 жылы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстанның Конституциялық соты Садыр Жапаровтың ұсынысы негізінде Конституцияның президент өкілеттігі мерзіміне қатысты баптарына ресми түсіндірме берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Соттың түсіндіруіне сәйкес, басталған президенттік мерзімі бастапқыда белгіленген алты жыл ішінде аяқталуы тиіс. Сонымен қатар, қазіргі президенттің алты жылдық мерзімі екі мерзім қағидатына сәйкес бірінші мерзім болып есептеледі.
Президенттің кезектен тыс сайлауы өкілеттіктің мерзімінен бұрын тоқтатылуының құқықтық салдары ретінде ғана мүмкін. Мұндай негіздерге өз еркімен отставкаға кету, белгіленген тәртіппен қызметінен шеттетілу, денсаулық жағдайына байланысты өкілеттігін жүзеге асыра алмау немесе қайтыс болу жатады. Түсіндірмеде кезектен тыс сайлау сценарийі заң жүзінде жоққа шығарылатыны атап өтілген.
— Қырғыз Республикасының кезекті президент сайлауы 2027 жылғы қаңтардың төртінші жексенбісінде — 2027 жылғы 24 қаңтарда өткізілуі тиіс. Ал сайлауды тағайындау Жогорку Кенеш тарапынан дауыс беру күніне дейін кемінде төрт ай бұрын, яғни 2026 жылғы 24 қыркүйектен кешіктірілмей жүзеге асырылуы қажет, — делінген сот түсіндірмесінде.
Еске салайық, 2025 жылғы сәуірде Жогорку Кенеш депутаттары «ҚР Президентін және Жогорку Кенеш депутаттарын сайлау туралы» конституциялық заңға келесі президент сайлауының мерзімін нақтылайтын түзетулерді үш оқылымда қабылдаған болатын.
Еске салсақ Қырғызстанда Жогорку Кенеш депутаттардың кезектен тыс сайлауы аяқталды.