Қырғызстанда «робот-хирург» пайда болды
АСТАНА. KAZINFORM - Қырғызстанда алғашқы роботтандырылған хирургиялық жүйе таныстырылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «робот-хирург» өздігінен шешім қабылдамайды және дәрігерді алмастырмайды. Ота кезінде барлық негізгі шешімді хирург қабылдайды, ал технология оның қимылдарының дәлдігін арттырып, ота жасалатын аймақты жақсырақ көруге мүмкіндік береді.
— Роботтандырылған жүйе хирургке құралдарды барынша дәл басқаруға, шағын тіліктер арқылы жұмыс істеуге және ота жасалатын аймақтың үлкейтілген кескінін көруге мүмкіндік береді. Ота кезінде барлық әрекетті дәрігер орындайды және бақылайды, — деп атап өтті ведомство.
Робот көмегімен жасалатын операция кезінде хирург арнайы басқару пультінің алдында отырып, науқастың денесіне шағын тесіктер арқылы енгізілетін шағын құралдарды басқарады. Камера операция жасалатын аймақтың кескінін көрсетеді. Жүйе кескінді 10-15 есеге дейін үлкейтуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе шағын анатомиялық құрылымдармен жұмыс істеген кезде маңызды.
Бұған дейін Қырғызстанда құқықтық тәртіпті қорғауға арналған робот-ит таныстырылған болатын.