Қырғызстанда рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған көліктерді заңдастыру ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда рөлдік басқару жүйесі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған көліктерді заңдастыруға рұқсат берілуі мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Тиісті заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.
Бастама шетелдік мемлекеттік нөмірлі көліктерді заңдастырудың қазіргі қорытынды кезеңі аясында қаралып отыр. Ол 10 маусымда басталып, 2026 жылғы 1 қыркүйекте аяқталады.
Қазіргі уақытта Қырғызстанда жеке мақсатта пайдаланылатын осындай шамамен 50 көлік бар. Оларды тіркеу үшін көліктерге техникалық бағалау жүргізіліп, тиісті қорытынды алу қажет.
Техникалық сараптаманы Қырғызстан ІІМ Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бас басқармасының «Техникалық мақсаттағы орталық» мемлекеттік кәсіпорны жүргізеді. Сараптама нәтижесінде көлік иесіне оның техникалық жағдайы туралы қорытынды беріледі. Егер көлік қауіпсіздік талаптарына сай емес деп танылса, оны тіркеуден бас тартылуы мүмкін.
Еске сала кетейік, Қырғызстанда 2025 жылғы 1 сәуір мен 1 қазан аралығында шетелдік нөмірлі көліктерді заңдастыру бойынша алғашқы ауқымды науқан өтті.
Бұған дейін Қырғызстан билігі шетелдік нөмірлі көліктерді заңдастыру үшін 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін соңғы мүмкіндік бергені хабарланған болатын.
Сондай-ақ Қырғызстан ұлттық агрегатор такси қызметін іске қосатыны да айтылды.