Қырғызстанда сәби өлімі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр

БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстанда нәресте өлімі көрсеткіші аздап төмендегенімен, әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Бұл туралы Электронды денсаулық сақтау орталығының материалдарында айтылды, деп жазды 24 kg.

Қырғызстанда сәби өлімі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр
Фото: pixabay

2024 жылы түрлі ауру, улану сондай-ақ жарақат салдарынан бір жасқа дейінгі 1 836 нәресте көз жұмған. Бұл — тірі туған әрбір мың балаға шаққанда 13,1 жағдай. 2023 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш сәл төмен: сол жылы 2 040 нәресте бақилық болған.

Қырғызстан бойынша нәресте өлімінің негізгі себебі — перинаталдық кезеңде (жүктілік пен босану кезіндегі және одан кейінгі алғашқы аптадағы) пайда болатын аурулар мен жағдайлармен тікелей байланысты екені айтылған, олардың үлесі 69,8 пайызды құрайды. Екінші орында — туа біткен ақаулар (17,2%), үшінші орында — тыныс алу органдарының аурулары (8,3%).

Бес жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім көрсеткіші өткен жылы әрбір мың тірі туған балаға шаққанда 15,9 жағдайды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға төмендеген. Бұл санаттағы өлім себептері де негізінен сол — перинаталдық кезеңдегі аурулар, туа біткен аномалиялар және тыныс алу жүйесінің аурулары.

Ал Қазақстанда сәби өлімі былтырғы жылмен салыстырғанда 20,2%-ға төмендеді. 

Соңғы жаңалықтар