Қырғызстанда тауық жұмыртқасын импорттауға тыйым салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Елдегі азық-түлік тауарларының нарықтық бағасын тұрақтандыру мақсатында 1 мамырдан бастап Қырғызстанда жұмыртқа импорттауға тыйым салынады, деп жазады KABAR.

яйца
Фото: Pexels

Қырғыз Республикасы Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және мелиорация министрлігінің мәліметінше, шектеу 6 ай мерзімге енгізіледі. Бұл шектеу Қырғызстан арқылы транзитке және ЕАЭО-ның бір субъектінен екіншісіне Қырғызстан аумағы арқылы тасымалдауға қатысты емес екенін айта кеткен жөн.

10 ақпаннан бүгінгі күнге дейін республика аумағында көрші елдерден импортталған жұмыртқа тіркелмеген. Керісінше, 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы деректерге сәйкес, Қырғызстаннан Қазақстанға 8 812 800 жұмыртқа экспортталған.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта елде тауық жұмыртқасына қатысты мәселе көбінесе ішкі нарықтағы ірі және ұсақ құс фабрикалары арасындағы бәсекелестіктің артуына және ішкі өндірістің көбеюіне байланысты туындап отыр. 

Осыған байланысты министрлік фермерлерге тауық етін өндіруді ұсынады. Себебі жылына елге 91 000 тоннадан астам тауық еті жеткізіледі. Бұл өз кезегінде тауық етін жұмыртқаға қарағанда табысы молдау бағыт екенін көрсетеді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта ауылдық жерлерде әр отбасы 30-40 тауықтан асырайды, бұл да ішкі өндірістің артуына және сұраныстың төмендеуіне әкеп соғады.

Сондай-ақ, министрлік ел ішінде бір аймақтан екінші аймаққа тауарлардың еркін өтуіне тыйым сала алмайтынын атап өтті.

Бұған дейін хабарланғандай, Қырғызстан елге полиэтилен пакеттерін кіргізуге уақытша тыйым салмақшы.

Соңғы жаңалықтар