Қырғызстанда тек кәсіби психологтер өз қызметін жарнамалай алуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Психологиялық қызметтерді жарнамалауға тек жоғары білікті әрі тиісті лицензиясы бар мамандарға ғана рұқсат берілуі керек. Бұл туралы Жогорку Кенеш депутаты Улан Примов Парламент отырысында мәлімдеді, деп жазады Кабар.

психолог
Фото: freepik.com

Оның айтуынша, қазіргі таңда елде кейбір азаматтар қысқа мерзімді психология курстарын немесе семинарларын аяқтап, халыққа кеңес бере бастайды.

— Мұндайға жол берілмеуі тиіс. Психолог ретінде қызмет көрсетуге тек жоғары оқу орнын тәмамдаған және осы салада лицензиясы бар тұлғалар ғана құқылы болуы керек. Психологпен кездескеннен кейін адам өзін жақсы сезініп, денсаулығы қалпына келуі тиіс, керісінше емес. Қызметтерін жарнамалауда да тек кәсіби әрі лицензиясы бар мамандарға ғана рұқсат берілуі қажет. Мен жарнама туралы заң жобасын әзірлеп жатқан депутаттар осы ұсынысты ескереді деп үміттенемін, — деді ол.

Депутаттар қазіргі таңда Қырғыз Республикасының «Жарнама туралы» Заңына өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасын қарап жатыр. Бұл жоба бірінші оқылымда қаралып жатыр. Оның бастамашылары — депутаттар М.Маматалиев, И.Кубанычбеков, Рустамбек уулу С. және Б.Марипов.

Бұдан бұрын Қырғызстан мектептерде синтетикалық есірткіні анықтау жобасын әзірлеп жатқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар