Қырғызстанда цемент әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына енбек
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның Экономика және коммерция министрлігі цементті әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне қосу жөніндегі Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Құжат қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды Кабар.

Жоба аясында М-400 және М-450 маркалы цемент түрлерін аталған тізімге енгізу қарастырылған. Бұл шешім құрылыс маусымында цемент нарығындағы ахуалдың ушығуына байланысты қабылданбақ. Елдегі цемент өндірушілер бағаны едәуір көтеріп, бұл тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым құрылысының қымбаттауына алып келіп отыр.
Қаулы жобасының мақсаты — нарықтағы күрт ауытқулар кезінде цемент бағасын уақытша мемлекеттік реттеу тетігін енгізу, сонымен қатар ішкі нарықта негізсіз баға өсімі мен тапшылыққа жол бермеу.
Үкімет келтірген деректерге сәйкес, отандық өндірушілер цементтің босату бағасын көтере бастаған. Мысалы:
-
«Терек-Таш» ЖШС — бір қап М-400 цементінің бағасы 290 сомнан 315 сомға дейін өсті (50 кг);
-
«Оңтүстік Қырғыз цементі» — солтүстік аймақтарда 290-нан 310 сомға, оңтүстікте 240-тан 250 сомға дейін;
-
«Кант цемент зауыты» — баға 340 сом деңгейінде қалды, тәулігіне 3000 тонна өнім өндіреді, оның басым бөлігі ірі тұтынушыларға ГИК арқылы сатылады;
-
«Оңтүстік құрылыс материалдары комбинаты» — цемент бағасы 295–300 сом аралығында.
Соның салдарынан Бішкектегі екінші деңгейлі нарықта бір қап цемент бағасы 500–550 сомға дейін жетіп, қарапайым тұтынушылар үшін алыпсатарлық пен тапшылық қаупін туындатып отыр.
Қаулы қабылданған жағдайда үкімет келесі шараларды жүзеге асыра алады:
-
цементке уақытша шекті баға белгілеу;
-
сауда үстемелерін бақылау;
-
баға тәртібін сақтау бойынша тексерулер жүргізу;
-
сұраныстың ең жоғары кезеңдерінде тұрақтандыру шараларын қабылдау.
Бұл бастама халықтың мүддесін қорғауға, цемент бағасын әлеуметтік тұрғыда қолайлы деңгейде ұстап тұруға және құрылыс саласының маусымдық белсенділік кезінде тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Осыған дейін Қырғызстан министрлер кабинеті қаулысымен елге цемент импортына салынған уақытша тыйым алынды.