Қырғызстанда жанар-жағармайға салынатын салықты уақытша төмендету ұсынылды
БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстан жанар-жанармай материалдары бағасының өсуін тежеу үшін бензин мен дизель отынына салынатын салықты төмендетуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Министрлер кабинеті қаулысының жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылдың 15 мамырынан 30 қыркүйегіне дейін дизель отынына ҚҚС және акциздік салық мөлшерлемелерін нөлге дейін белгілеу ұсынылып отыр. АИ-92 маркалы бензин үшін ҚҚС мөлшерлемесі 8%-ға дейін, ал акциздік салықты тоннасына 5 мыңнан 3 мың сомға дейін төмендету ұсынылды.
Бұл шаралар жанар-жағармай материалдары бағасын тұрақтандыруға, олардың күрт тапшылығын болдырмауға, сондай-ақ нарықтың тұрақтылығына төнетін ішкі және сыртқы қауіптерге жедел жауап беруге бағытталған.
Қырғызстанда отын бағасы неліктен өсіп жатқанын мына материалдан оқи аласыз.