Қырғызстанда жыныстық зорлық-зомбылық үшін жаза енгізуді ұсынды

БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстан сексуалдық зорлық-зомбылық үшін жазаны қарастыратын заңнамалық түзетулер енгізуге бастамашы болды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

 Зорлық-зомбылық
Фото: Kazinform

Тиісті заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. 

Атап өтілгендей, соңғы жылдары елде қоғамдық орындарда жыныстық зорлық-зомбылық көрсетуге және тұлғааралық қарым-қатынасқа қатысты азаматтардан арыз-шағымдар тіркеліп отыр. Қолданыстағы заңнамада «қудалау» терминінің жекелеген және нақты анықтамасы жоқ, бұл кінәлілерді заңсыз әрекеттері үшін жауапкершілікке тартуды қиындатады немесе кінәлілер лайықсыз жеңіл жазалар алады.

Құжатқа сәйкес, жеке тұлғаларға 200 есептік көрсеткіш (20 мың сом немесе 120 мың теңгеден астам) айыппұл салу немесе бірінші рет қудалау әрекеті үшін үш күннен жеті тәулікке дейін қамауға алуды енгізу ұсынылады. Сексуалдық мінез-құлыққа сексуалды сипаттағы сөздерді пайдалану немесе еске салу, жыныс мүшелерін ашу, қажетсіз тиіп кету, қысу, сипау, шымшу, сондай-ақ әдепсіз фотосуреттер, бейнелер немесе аудио материалдарды, соның ішінде мессенджерлер және/немесе интернет арқылы жіберу жатқызылады.

Қоғамдық орындарда басқа адамның келісімінсіз бір жыл ішінде қайталап жасалған, жәбірленушіні қорқытатын, дұшпандық, қорлайтын жағдай туғызатын жыныстық сипаттағы әрекеттер үшін үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза енгізіледі.

Бұған дейін Қырғыз Республикасының Президент әкімшілігі әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық жасап, өлтіргендерге қатысты өлім жазасын енгізуді көздейтін Конституцияға түзетулер енгізу туралы бастама көтергенін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар