Қырғызстандағы Көшпенділер ойындарына көрермендерді 300 автобус тегін жеткізеді
АСТАНА. KAZINFORM — Көшпенділер ойындарына баратындарға Қырчын шатқалына тегін көлік ұйымдастырылады, деп хабарлайды Кабар.
Бішкектегі № 2 автопарк аумағында қала мэрі Айбек Джунушалиев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде жолаушылар тасымалына тартылатын шағын автобус жүргізушілерімен кездесті.
Қала әкімдігінің мәліметінше, халықаралық спорттық шараға дайындық аясында Бішкек мэриясының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымы департаменті 300 шағын автобусты тартпақ. Олар тұрғындар мен ел қонақтарын Қырчын шатқалына тегін жеткізеді.
Көлік қатынасы үш негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылады:
- Бает ауылы — Қырчын шатқалы;
- Чолпон-Ата қаласының ипподромы — Қырчын шатқалы;
- Жаркынбаев ауылы — Қырчын шатқалы.
Сонымен қатар істен шыққан шағын автобустарды жедел ауыстырып, тасымалдың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін жүргізушілерімен бірге 15 резервтік көлік қарастырылған.
Жүргізушілерге үндеу жасаған Айбек Джунушалиев шараларды көлікпен қамтамасыз етуге қатысу ерікті екенін атап өтті.
— Біз ешкімді мәжбүрлемейміз. Барлығы өз еріктеріңізге байланысты. Ең бастысы — жұмыстарыңызды сапалы орындау, — деді қала әкімі.
Сондай-ақ Бішкек басшысы жүргізушілердің шараларға қатысуына байланысты барлық шығынды әкімдік өз мойнына алатынын айтты.
— Әкімдік тарапынан барлық шығын өтеледі. Әр жүргізушіге қажетті жағдай жасалуы тиіс. Атап айтқанда, тұратын орын, тамақ және көлік істен шыққан жағдайда техникалық көмек көрсетіледі, — деді әкім.
Осыған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Моңғолиядан 135 спортшы мен жаттықтырушы қатысатынын жазғанбыз.
Сондай-ақ 2026 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының талисманы ретінде ілбіс таңдалғаны хабарланған еді. Оған Батай деген есім берілді.
Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көк бөрі мен көкпар жарыстары жеке-жеке спорттық дисциплина ретінде өткізіледі.