Қырғызстандағы парламент сайлауы: 10 мыңнан астам полиция тәртіпті қадағалайды
АСТАНА.KAZINFORM - Алдағы кезектен тыс парламент сайлауы кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Қырғызстан құқық қорғау органдарының 10 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Бұл туралы Қырғызстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қоғамдық қауіпсіздік қызметі бастығының орынбасары Нұрлан Исмаилов «Бірінші радиода» хабарлады.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ел бойынша 2492 сайлау учаскесінде 5 мыңнан астам полиция қызметкері жұмыс істейді. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ сайлау күні және оның алдындағы күні сайлау заңнамасын бұзудың алдын алу үшін 10 мыңнан астам құқық қорғау органының қызметкері жұмылдырылады.
Айта кетейік, Қырғызстандағы кезектен тыс парламент сайлауы 2025 жылдың 30 қарашасы, жексенбіге жоспарланған.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров халыққа жолдаған үндеуінде парламент сайлауын жеке өзі бақылайтынын мәлімдеді.
1 қазандағы жағдай бойынша елде алдағы парламент сайлауына қатысуға құқылы 4 287 000 сайлаушы тіркелген.
5 қарашада Қырғыз Республикасының Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясы Алматы, Тараз және Шымкент қалаларында қосымша үш сайлау учаскесін құру туралы қаулы қабылдады.
Бұған дейін Астанада (Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі), Алматыда (Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Бас консулдығы), Атырауда және Қарағандыда сайлау учаскелері ашылған болатын.
Алдағы кезектен тыс парламент сайлауына қатысу үшін 467 кандидат тіркелді, ал 127 халықаралық бақылаушы аккредиттелген.
Садыр Жапаров азаматтарға арнаған сөзінде Қырғызстандағы жағдайды тұрақсыздандыру әрекеттері сәтсіздікке ұшырайтынын мәлімдеді.
Сайлау науқаны кезеңі 10 қарашада басталып, 20 күнге созылады, 2025 жылдың 29 қарашасында сағат 8:00-де аяқталады. Қырғыз Республикасының Орталық сайлау комиссиясы сайлау процесіне қатысушылардың барлығын заң талаптарын сақтауға шақырды.