Қырғызстандағы парламенттік сайлауға қай партиялар қатысуға ниетті
БІШКЕК. KAZINFORM – Жогорку Кенеш депутаттарының көп мандатты сайлау округі бойынша кезектен тыс сайлауына қатысуға үш партия өтінім берді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Қырғыз Республикасының Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясына «Кырк Ууз», «Легалайз» және «Ынтымақ» саяси партияларынан кезектен тыс парламент сайлауына кандидаттар ұсынылғаны туралы ресми хабарлама келіп түсті.
Заңнамаға сәйкес бұл саяси партиялар жиын өткізіп, жасырын дауыс беру арқылы әр округтен бір кандидат ұсынуы тиіс.
- Партия жиын кезінде жасырын дауыс беру арқылы әр көп мандатты сайлау округінен бір кандидатты ұсынады. Съезд шешімдері партияның қолы және мөрімен куәландырылады және ОСК-ға ұсынылады. Партия оның мүшесі емес Қырғыз Республикасының азаматтарын ұсына алады, бірақ басқа партиялардың мүшелерін ұсынуға құқығы жоқ. Тізімді жасау кезінде гендерлік тепе-теңдікті сақтау керек: бір жыныстағы кандидаттардың үлесі 70 пайыздан аспауы керек, - деп хабарлады Қырғыз Республикасының ОСК.
Еске сала кетсек, қыркүйекте Қырғызстанның Жогорку Кенешінің спикері Нұрланбек Тұрғынбек уулу парламент отырысында өзін-өзі тарату процедурасы басталғаны туралы ақпаратты растады.
23 қыркүйекте профильді комитет Қырғызстан парламентін өз еркімен тарату туралы ұсынысты мақұлдады.
Ал 25 қыркүйек күні Қырғызстан Жогорку Кенешінің отырысында парламентті мерзімінен бұрын тарату туралы шешім қабылданды.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеш депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды. Мерзімінен бұрын парламент сайлауы жексенбі, 2025 жылдың 30 қарашасына белгіленді.
Ел президенті халыққа Жолдауында парламент сайлауын жеке өзі бақылауға ниетті екенін білдірді.
2025 жылғы 1 қазанға қарағандағы мәлімет бойынша, Қырғызстанда сайлаушылар саны 4 миллион 287 мың адамды құрады.
Бұған дейін Қырғызстанда депутаттар сайлауы жаңа жүйе бойынша өтетінін жазған болатынбыз.